
Қазақстанда жастар саясаты әлеуметтік қолдау шараларымен ғана шектелмейді. Бүгінде ол адами капиталды дамытуға, білім мен жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті қолдауға, азаматтық белсенділікті арттыруға және жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын кеңейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды елдің ұзақ мерзімді дамуының басты қозғаушы күші ретінде атап келеді.
“Жастар— еліміздің басты байлығы. Әділетті Қазақстанның болашағы жастардың біліміне, еңбегіне және азаматтық ұстанымына тікелей байланысты”, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Мәдениет және ақапарат министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 5,8 миллионнан астам жас тұрады. Сондықтан мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдығы олардың әлеуетін толық ашуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Президент тапсырмасына сәйкес жастар саясаты бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда:
• сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту;
• жұмыспен қамтуды арттыру;
• жастар кәсіпкерлігін дамыту;
• тұрғын үйге қолжетімділікті жақсарту;
• еріктілік пен азаматтық белсенділікті қолдау;
• құқықтық мәдениет пен еңбек құндылығын қалыптастыру.
Жастар ресурстық орталықтарының жұмысы жаңартылды
2025 жылы жастармен жұмысты жаңа деңгейге көтеру мақсатында Жастар ресурстық орталықтарының жаңа үлгілік ережесі қабылданды. Жаңартылған құжатқа сәйкес, орталықтар жастардың нақты сұранысына сай:
• психологиялық қолдау;
• құқықтық кеңес;
• жұмыспен қамтуға жәрдемдесу;
• кәсіпкерлік бойынша консультация;
• еріктілік қызметі;
• азаматтық бастамаларды қолдау бағыттарында қызмет көрсетеді.
Бұл өзгерістер жастарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау жаңа бастамаларға жол ашады
Бүгінде жастар үшін мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар іске асырылып келеді.
Олардың қатарында:
• «Президенттік жастар кадр резерві»;
• «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы;
• «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы;
• жас ғалымдарды қолдау бағдарламалары;
• жас кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген қаржыландыру құралдары;
• тұрғын үйге бағытталған өңірлік жастар ипотекалық бағдарламалары бар.
Мемлекет бұл бастамалар арқылы жастардың кәсіби, ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға басымдық беріп отыр.
Азаматтық белсенділік – жаңа буынның ерекшелігі
Соңғы жылдары жастардың қоғамдық өмірге қатысу деңгейі де артып келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырып жатқан саясат аясында жастар «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», волонтерлік қозғалыстар мен қоғамдық бастамаларға кеңінен тартылып отыр. Бұл олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың тек білім алып қана қоймай, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуы маңызды екенін бірнеше рет атап өтті.
«Жастар жаңашылдықтың жаршысы болуы керек. Әр азамат елдің дамуына өз үлесін қосуға ұмтылғанда ғана Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз», – деп атап өткен Мемлекет басшысы.
Болашаққа инвестиция
Бүгінде мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты- жастарды әлеуметтік қолдау ғана емес, олардың әлеуетін елдің экономикалық және қоғамдық дамуына тиімді пайдалану. Білім, еңбек, кәсіпкерлік, инновация және азаматтық жауапкершілікке негізделген бұл саясат Қазақстанның бәсекеге қабілетті жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Ал жастарға жасалып жатқан инвестиция – елдің болашағына салынған стратегиялық инвестиция ретінде қарастырылады.





