
Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Президенттің халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру және ел дамуына қатысты бастамалар талқыланды.
Отырыс барысында ел дамуының ұзақ мерзімді бағыттарын айқындайтын жыл сайынғы баяндама әзірлеу, жаңа Азаматтық кодексті дайындауға азаматтық қоғамды тарту және халықтың цифрлық дағдыларын дамыту мәселелері қаралды.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарын интернет арқылы сауда жасауға үйрету, жастарға цифрлық құралдармен кәсіп бастауға көмектесу және өңірлердегі өзекті мәселелерді шешу ұсынылды. Осы мақсатта әкімдіктермен, қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Жиында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы, жол инфрақұрылымы, жұмыспен қамту және инклюзивті орта қалыптастыру мәселелері де көтерілді. Қатысушылар жобалардың орындалуына қоғамдық бақылауды күшейтіп, олардың барысы мен бөлінетін қаражат туралы ақпараттың ашық болуын ұсынды.
Сонымен қатар Халық Кеңесі мүшелерінің бастамаларын жүйелеу және олардың орындалуын бақылау үшін бірыңғай цифрлық платформа әзірленіп жатыр.
Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталып, Халық Кеңесінің кешенді жұмыс жоспарына енгізіледі.





