
Ақжолдық депутат Қазыбек Иса Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда діни радикализм күшейіп бара жатқанын мәлімдеді. Депутат радикалды ағымдарға заң жүзінде тыйым салу мәселесін шұғыл қарауды талап етті. Оның айтуынша, бұл мәселе үш жыл бұрын да көтерілгенімен, нақты нәтиже байқалмай отыр. Керісінше, соңғы уақытта қоғамда ұлттық дәстүр мен діни ұстанымдарға қарсы әрекеттер көбейген.
Сауалда ел ішінде резонанс тудырған бірнеше оқиға мысал ретінде келтірілді. Соның бірі — Әз Наурыз мейрамына қарсы айтылған пікірлер, сондай-ақ қоғамда талқыға түскен имамға қатысты жағдай. Сонымен қатар, Ақтөбеде сот процесіне қатысушылардың ниқабпен келуі де депутаттардың алаңдаушылығын күшейткен.
«Қоғамдық орындарда бетті бүркемелейтін киімге шектеу бар болса да, сот ғимаратында ниқабпен кіруге рұқсат берілуі заң талаптарының сақталуына қатысты сұрақ туғызады», — деді депутат Қазыбек Иса.
Ақжолдықтар әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарға қарсы бағытталған пікірлердің көбейгенін де атап өтті. Олардың айтуынша, кейбір топтар ұлттық мүддеге қарсы насихат жүргізіп, қоғамда іріткі салуға тырысып, дәстүрлі Ханафи мазхабын жоққа шығарып, ұлттық және рухани тұлғаларды қаралау арқылы қоғамдық пікірге әсер етуде.
«Ұлттық тұтастықтың әлсіреуі — ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұл жағдайға бейжай қарауға болмайды», — делінген сауалда. Сондай-ақ сауалда діни уағыз айту мәселесіне де назар аударылды. «Ұлтты ұйыстырудың орнына қоғамды бөлетін уағыздардың көбейіп кеткені алаңдатады. Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды? Бұл мәселеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қандай шешім қабылдады?» деген сұрақтар қойылды.
Депутаттар Қазақстанда радикалды деп танылған немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенділігі артқанын да атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай ұйымдар қоғам тұрақтылығына қауіп төндіреді. Қоғамдық тұрақтылықты сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, әлеуметтік қақтығыстардың алдын алу, экстремизм қаупін төмендету мәселелері сөз болды.
«Заңмен шектеу — бостандықты шектеу емес, қауіптің алдын алу. Бұл дінге қарсы емес, керісінше дінді теріс мақсатта пайдаланатын ұйымдарға қарсы бағытталған шара», — делінген депутаттық сауалда. «Ақ жол» партиясы мемлекеттік органдарды діни радикализмге қарсы саясатты күшейтуге және нақты заңнамалық шаралар қабылдауға шақырды. «Бұл — ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қауіптің алдын алу үшін батыл шешім қажет», — деп түйіндеді сөзін мәжілісмен.




