
Бүгін сағат 7:00-ден бастап Алматы қаласында жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумға арналған сайлау учаскелері өз жұмысын бастады.
Қала тұрғындары мен қонақтарының көпшілігі учаскелерге алғашқы сағаттардан-ақ келіп, дауыс беруде. Тіпті кейбір азаматтар дауыс беруді ертерек бастау үшін алдын ала келіп күтті. Дауыс берушілер арасында әртүрлі жастағы және түрлі мамандық иелері бар, деп хабарлайды Алматы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кейбір алматылықтар жұмысқа барар жолда дауыс берсе, енді біреулері отбасы мүшелерімен бірге келіп, өз таңдауын жасауда.
Учаскелік комиссия мүшелерінің айтуынша, дауыс берудің алғашқы сағаттары тыныш әрі ұйымдасқан жағдайда өтуде.
Қаладағы барлық сайлау учаскелерінде дауыс беруге қажетті жағдайлар жасалған. Учаскелер белгіленген тәртіпке сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Дауыс беру күні бойы жалғасады. Қорытынды нәтижелер сайлау учаскелері жабылғаннан кейін жарияланады.

