Қазақстан ЕАЭО елдері арасында бағаның өсуі бойынша көш бастап тұр. 2025 жылдың мамыр айында Қазақстандағы инфляция 10%-ға жетті. Energyprom деректеріне сүйенсек, Қазақстан азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуі бойынша ЕАЭО-да алдыңғы қатарда тұр.
Бағаның өсуіне әртүрлі себептер бар: теңге бағамының құбылуы, өндірушілердің шығындарының артуы, маусымдық факторлар. Республикадағы азық-түлік бағасы одақтағы басқа елдермен салыстырғанда ең жоғары емес, бірақ өсімі әлдеқайда жылдам. Осы санаттардың көпшілігі бойынша Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр, яғни импортқа тәуелді емес. Алайда республика ірі астық экспорттаушысы бола тұра, ішкі нарықта ұн бағасының өсуін тоқтата алмауда. Өткен жылы ұн 14%-ға қымбаттады.
Көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда автожанармай бағасы да айтарлықтай жылдам өсіп жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы секторындағы шығындардың көбеюіне әкеледі. Қазақтандықтардың табысының едәуір бөлігі азық-түлікке жұмсалады – адамдар жалақысының жартысын тамаққа жібереді. Соның салдарынан халықтың тамақтану сапасы төмендеді. “JD Expert” маркетинг агенттігінің деректері бойынша, азаматтар азық-түлікті аз мөлшерде және сапасы төмен өнімдерді сатып алатын болған. Бұған бағаның өсуі мен табыстың төмендеуі себеп.
Алайда халық үшін нағыз күйзеліс коммуналдық қызмет тарифтері болды. Халықтың табысы төмен болғандықтан, несие жүктемесі артып келеді. Кейбір азаматтар қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін микронесиелер алуға мәжбүр. Ал бұл несиелердің пайыздары өте жоғары. Мұның бәрі қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызады. Еске сала кетейік, “Қанды Қаңтар” оқиғасы да жоғары баға мен төмен жалақының салдарынан басталған еді.
Сарапшылардың бағалауынша, елімізде табыс пен байлықтың теңсіздігі өте жоғары. Оның үстіне, жоғары табысы бар азаматтардың көбісі қаржысын шетелде сақтайды. Тәуелсіз экономистердің пікірінше, жағдайды түзеу үшін бизнеске жеңілдетілген несиелер беру қажет. Бірақ Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуден бас тартып отыр. Олар бұл қадам инфляцияны тежеуге көмектеседі деп түсіндіреді. Алайда біздегі инфляцияның басым бөлігі сырттан келеді, себебі импортқа тәуелдіміз.