Астанадағы автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған 7 жасар Алуа Бекеннің отбасына пәтер берілетін болды. Бұл жайында қала әкімі Жеңіс Қасымбек журналистерге берген сұқбатында айтты деп хабарлайды pikirmedia. kz

Әкімнің айтуынша, мұндай оқиғалар бұрында болған. Автобустар кейде жол апаттарына ұшырайды, деді ол. Автобус жүргізушілері мен көлік күн сайын жолға шығар алдында толықтай тексерістен өтеді. Ал сол күнгі жол апатынан 7 жасар Алуа тағдыр тілкегіне түсті. Автобус жүргізушісі жұмысқа демалыстан кейінгі алғашқы күні шыққан екен. Қазір ол қамауда. Оның сөзінше автобус жылдамдығы сол күні қатты болмаған. Автопарктің сақтандыру полисі есебінен зардап шеккен қыздың отбасына 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі қарастырылған. Бұдан бөлек, автопарк тарапынан қосымша 10 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсету туралы шешім қабылданған. Отбасы Ақмола облысынан келгендіктен, Астанада емделу және оңалту кезеңінде тұрғын үй жалдау бойынша көмек ұсынылған. Бірақ, журналистер қыздың отбасына әкім өзі неге бармады деген сұрақты алға тартты. Жалғыз мен бармадым деп, әкімдік бұл мәселені назардан тыс қалдырды деуге болмайды, деп жауап қатты Қасымбек. Сондай-ақ, ол Алуаның отбасына пәтер берілетінін айтты.
Жеңіс Қасымбек Астана қаласының әкімі:
-«Сақтандыру сомасы – шамамен 20 миллион теңге. Әкімдік тарапынан 10 миллион теңге бөлінді, қосымша тағы 10 миллион теңге беруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ баспана мәселесін шешеміз. Ресми түрде мәлімдеймін: бұл отбасына пәтер беріледі»
Белгілі болғандай, оқиға болған күні Алуа есімді қыз 1-сыныпты бітіріп, әжесімен Астанаға қыдырып келген екен. Автобуста бүкіл отбасы болған. Ойын-сауық орталығынан келе жатқанда жүргізуші көшенің шетіндегі бағананы көрмей қалып, соған соғылған. Әжесі терезеден ұшып кеткен, ал Алуаның бір аяғы темірге қысылып, жұлынып қалған. Дәрігерлер оған ота жасап, екінші аяғын тізеден төмен ампутация жасады. Баланың анасы ажырасқан, 5 баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Зардап шеккен қызы Алуаға күтім керек болған соң, Егіндікөл ауылындағы балабақшадағы жұмысынан шығып, Астанаға келген. Анасының айтуынша, Алуа түнімен ұйықтамай, шошып ояна беретін болған. Автобус апаты болғанын енді есіне түсірді, дейді қайғыға батқан қыздың анасы. Алуаның халін балалар омбудсмені Динара Закиева барып біліпті. Оның сөзінше Алуа үнемі “мені көтеріп жүрші” немесе “далаға шығайықшы” деп сұрай береді», екен. Ал, қыздың нағашы ағасы Астанадағы автобустардың жағдайын айтып, әкімдікке үндеу жолдады. Оның сөзінше, жүргізушілер қатты жылдамдықпен жүреді, үнемі телефонға қарайды. Ағасының айтуынша, Алуа күндіз-түні көз ілмейді, тыныш ұйқыдан айырылған. Аздап тынықсын деп дәрі беруге тура келеді. Көз жасын тыймай, үнемі “аяғым қайда?” деп сұрайды. Бұл сұрағы жүректі қақ айырып, жанымызға батады, деп жазады ол. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары автопарк басшылығы мүгедек болып қалған жазықсыз қызға өмір бақи көмек көрсетуі керек деп жазған. Еске салсақ, сол жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала.