Қыстың қамын жаз ойла дегендей. Су тасқынына дайындықты тек көктем келіп, су тасып,ел әбіргерге түскенде бастамай қазірден қамдану қажет. Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин бөгеттерді кезең-кезеңімен тексеру қажет. Әйтпесе, бұл жұмыстар ұзақ жылдарға созылып кетуі мүмкін, ал бұл өте қауіпті дейді. Мәжілісмен Су және ирригация министріне жолдаған депутаттық сауалында бөгеттер мәселесіне жіті тоқталды.
— “Өзіңізге мәлім, өткен жылғы ірі көлемдегі су тасқынынан кейін төтенше жағдай туындауына қауіп төндіретін бөгеттердің иелеріне (меншік иелеріне) өз құрылымының қауіпсіздігін декларациялау міндеті жүктелді. Заң бойынша мұндай тексерулер бөгет иесінің есебінен жүргізілуі тиіс. Ал бұл өз кезегінде қаржылық жағынан маңызды мәселе”, -деп есептейді депутат. Бұл көптеген бөгет иелері үшін, оның ішінде мемлекеттік «Қазводхоз» кәсіпорнының балансындағы нысандар үшін толыққанды сараптама жүргізу – үлкен қаржылық ауыртпашылық тудырады.

Мәселе мынада: қолданыстағы Ережелер барлық плотиналарға – жерден салынған болсын, бетоннан болсын бірдей қолданылады, олардың құрылымдық ерекшеліктері ескерілмейді. Алайда мұндай зерттеулер қымбат әрі техникалық тұрғыдан күрделі. Оның үстіне елімізде осындай жұмыстарды жүргізуге қажетті техникалық базасы, тәжірибесі және сараптамалық қорытынды беруге құқығы бар ұйымдар саны шектеулі. Осы себепті тексеру жұмыстары бірнеше жылға созылып кетуі мүмкін. “Қазақстанда түрлі типтегі 1500-ден астам бөгет бар, олардың 90%-ы ешқашан тексерілмегенін ескере отырып, аталған Ережелерді түбегейлі қайта қарау орынды деп санаймын”, – деді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин. Атап айтқанда, тексерулерді кезең-кезеңімен жүргізу мүмкіндігін қарастыру қажет. Алғашқы кезеңде, әсіресе жерден салынған бөгеттер үшін, инженерлік-геофизикалық әдістерді қолдана отырып тексеру ұсынылады. Бұл – салыстырмалы түрде арзан әдіс, деп түйіндеді депутат.
Еске сала кетейік, Қазақстанда қазір гидротехникалық құрылыстар мен каналдардың жаппай түгендеуі мен жағдайын бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі көпфакторлы тексеру жұмыстарын бастаған. 2028 жылдың соңына дейін еліміздегі 557 гидротехникалық нысанның техникалық жағдайы мұқият зерттелмек. Бұл нысандардың көбі көп жыл бұрын салынған, оларды дұрыс күтпеу немесе тозуы экологиялық апаттарға әкелуі мүмкін. Жүргізілген сараптамалардың нәтижесі бойынша жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарының нақты көлемі мен түрлері анықталады. Бұл шаралар табиғаттың тосын сыйы-су тасқындарына, химиялық және биологиялық ластану сияқты ауыр салдарға жол бермес үшін қажет.
Жаңа Су кодексіне сәйкес, гидротехникалық құрылыстардың иелері өз нысандарын әр бес жыл сайын көпфакторлы сараптамадан өткізуге міндетті. Ал әкімдіктер елді мекендерді көктемгі су тасқыны кезінде қауіпсіздік шарасын қамтуы тиіс. Ең қарапайым жол – дамбалар салу. Бірақ қарапайым деген – арзан деген сөз емес. 2022–2023 жылдары Қазақстан жағалауды бекіту, порттық дамбалар, шлюздерді жөндеу жұмыстарына 97,3 миллиард теңге жұмсаған.