Қазақстандық мұнай тасымалдайтын танкерлер шабуылға ұшырады

Қазақстандық мұнай тасымалдайтын танкерлер шабуылға ұшырады

Қазақстаннан экспортталатын мұнайды тасымалдайтын екі танкер Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалының маңында дрондардың шабуылына ұшырады. Бұл туралы Reuters агенттігі алты дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, шабуылға ұшыраған кемелер — грек компаниялары басқаратын Delta Harmony және Matilda танкерлері. Delta Harmony кемесін Delta Tankers компаниясы басқарады және ол «Теңізшевройл» консорциумы өндірген қазақстандық мұнайды тиеуі тиіс болған. Ал Matilda танкері гректің Thenamaris компаниясының басқаруында болып, Қарашығанақ кен орнынан мұнай тасымалдауға дайындалған.

Thenamaris өкілінің айтуынша, Matilda кемесі КҚК терминалынан шамамен 30 миль қашықтықта балласт күйінде болған кезде екі дрон соққысына ұшыраған. Компания мәліметінше, экипаж мүшелері зардап шекпеген, палуба құрылымдарына аздаған зақым келген, ал кеме теңізге жарамды күйінде аймақтан шығып кеткен.

Delta Tankers Reuters агенттігінің түсініктеме беру туралы сұранысына әзірге жауап бермеген.

Сонымен қатар теңіз қауіпсіздігі қызметінің екі дереккөзі бортта өрт шыққан болуы мүмкін екенін, алайда оның жедел түрде сөндірілгенін хабарлаған. Ал Каспий құбыр консорциумы шабуылға қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Reuters мәліметінше, КҚК құбыры Қазақстан мұнайын Ресейдің оңтүстігіндегі Новороссийск маңындағы Қара теңіздегі «Южная Озереевка» терминалына жеткізеді. Бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі КҚК инфрақұрылымының бір бөлігі зақымдануына байланысты қазақстандық мұнайдың Новороссийскіде тек бір айлақ арқылы ғана жөнелтіліп жатқанын хабарлаған.

Айта кетейік, 2025 жылдың соңында КҚК нысандары, оның ішінде Ресей аумағындағы инфрақұрылымдар бірнеше рет шабуылға ұшырап, бұл қазақстандық мұнай экспортына әсер еткен.
ҚазМұнайГаз компаниясы MATILDA кемесіне қатысты хабарлама таратты. Бұл кемені «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес ұйымы) жалға алған. Каспий Құбыр консорциумының терминалында тұрған танкерге Қазақстан мұнайын тиеу жұмыстары 2026 жылғы 18 қаңтарға жоспарланған.
13 қаңтарда танкерге ұшқышсыз ұшатын аппараттар шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан жарылыс болды, бірақ өрт шықпады. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ.

Алдын ала бағалау бойынша танкер теңізде жүзуге жарамды, бірінші тексеру кезінде кеме құрылымының айтарлықтай зақымдану белгілері анықталмады. Залал көлемін бағалау жүріп жатыр.

Тағы оқыңыз...

Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

Серік Сәпиев ҚР Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі – жазғы ХХ Азия ойындарына дайындық штабының...

Теңіз кен орнында мұнай өндіру қайта жанданды

ҚР Энергетика министрлігі Теңіз кен орнында өндірістік операциялардың қайта басталғанын хабарлайды. Жедел штабтың мәліметіне сәйкес, бүгін сағат 03:35-те...

Әскерге шақыру мәжбүрлеусіз жүзеге асуы тиіс

Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «Мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек...