
Ақбөкендің тағдыры мәжілісте талқыланды. Кезінде жойылып кете жаздаған киіктер қазір шектен тыс көбейіп, шаруалардың жайылып жерлері мен егіс алқаптарын таптап кетіп жатыр. Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында батысқазақстандық шаруа қожалықтары киіктердің кесірінен жайылымдық жеріміз қу тақырға айналады деп шағымданды. Себебі ақбөкендердің саны соңғы жылдары тым көбейіп кеткен. Естеріңізге салсақ, қорғауға алынған ақбөкенді атуға тыйым салынған. Тіпті жеріне түскен жануарларды айдап шыққан шаруаларды да инспекторлар киікті қозғауға болмайды деп әкімшілік жазамен қорқытатын көрінеді. Ақбөкендер популяциясынан келетін тағы бір қауіп – індеттің таралуы. Топтасқан жануарлардың арасынан ауру шықса, ол үй жануарларына да жұғады. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Сепе-1» ЖШС басшысы Ғалымхан Саханов та киіктерден зиян шегіп отырмыз дейді.
- «Бүгін бесінші күн, автомобильдер мен мотоциклдердегі 10 экипаж оларды егістіктен шығарып, дақылдарын сақтауға тырысуда. Адамдар мүмкіндіктің шегінде жұмыс істейді. Таңнан түнге дейін көлікпен аңдып жүр.. Мыңдаған ақбөкеннің легін көліктер де, дыбыстық сигналдар да, өзендер де тоқтатпайды».
Саханов мырза еркек киікпен, төлдерін азайту арқылы популяция санын реттеуді күшейту қажет деп санайды. Сондай-ақ, маслихат депутаты Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеңілдетілген несиелер мен қолайлы бағаларды бере отырып, өрістерді қоршау үшін қоршау кәсіпорындарын ашуды ұсынды. «Мұны бүгін бастау керек», — деді ол. Киіктердің әлемдік популяциясының 98 пайыздан астамы Қазақстанда мекендейді. Бірақ олар шекара асып кетуі әбден мүмкін дейді мамандар. Мысалы көрші Қтыайға өтіп кетуі ықтимал. Онда еркек киіктің мүйізі бірнеше мың доллар тұрады. Сонда біз сонша қорғап өсірген киік шет ел асып кетсе бізге келіп кететін пайда қайда?- дейді кейбір сарапшылар. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев ақбөкендерден келген зиянды төтенше жағдай деп бағалап отыр
-« Шұғыл шаралар қабылдап, жедел республикалық штаб құру қажет. Өңірлерде қалыптасқан ақбөкендердің жағдайы төтенше сипатта. Қалыптасқан жағдайдың соғыстан еш айырмашылығы жоқ. Бұл соғыс, әріптестер. Мемлекет деңгейінде де, жеке меншік деңгейінде де ақбөкендерді союды ұйымдастыру керек. Неге адамдарға тегін ет бермеске? Төтенше Жағдай режимінде заңдарды қандай да бір жолмен «бұрап» алуға болады»-деген ұсыныс алға тартты депутат. - Қазақстандағы ақбөкендердің саны 5 миллионнан асуы мүмкін. Экология және табиғи ресурстар Вице-министрі Шарбиев таяу уақытта үкіметке ақбөкендердің санын реттеу жөнінде ұсыныс енгізілетінін хабарлады. Министрліктің мәліметінше, қазірдің өзінде, олардың саны 4 миллионға жақындады. Ал Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің проректоры Әлжан Шамшидин киіктен орасан табыс табуға болады деп отыр. Оның айтуынша, ақбөкендердің популяциясын жабық резерваттарда ұстауға болады.
-«Ақбөкеннің етін экспорттаудан біз 2,5 миллиард доллар табыс таба аламыз. Аңшылық мәдениетін дамыту туралы айтпағанда. Қытайдан келген инвесторлардың айтуынша, аң аулауды дамытудан 500 миллион долларға дейін ақша табуға болады. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, ақбөкендерді жабық резерваттарда ұстауға болады. Күзде оларды сою арқылы, ет алуға, оны терең өңдеуге жіберуге болады»-деді проректор.
Осылайша депутаттар мен сарапшылар киікті реттеудің жолы-оларды атып, еті мен мүйізін экспорттау керек деген пікірлерін жарыса айтты. Сол үшін депутаттар республикалық штаб құруды да ұсынды. Ал экологтар ақбөкенді атпау керек, ол Құдайдың берген несібесі, өріп жүре берсін дейді. Соңғы ширек ғасыр ішінде киіктер бірнеше рет жаппай қырылып, мүлдем көз жазып қала жаздағанымыз есімізде.