
Әрбір ата-ана үшін баланың бос уақытын тимді пайдалану, үздіксіз дамуына жағдай жасау аса маңызға ие. Десе де әлеуметтік жағдайғабайланысты отбасылардың мүмкідігі әр түрлі. Көпбалалы отбасыларға ақылы спорттық секцияларқолжетімсіз болуы мүмкін. Осы ретте қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында мелекеттік қолдау тетіктері қарастырылды. Бүгінде елімізде балаларға қосымша білім беру жүйесін жетілдіру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды десек қателеспейміз.Президент тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары бұл салада ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. 2021 жылдан бастап елімізде қосымша білім беруді мемлекеттік қаржыландыру тетігі енгізілді. Нәтижесінде балалар шығармашылық үйірмелерге, спорт секцияларына және түрлі білім беру бағыттарындағы курстарға тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл бастама көптеген отбасылар үшін қолжетімділікті арттырып, балалардың жан-жақты дамуына жол ашты.
Дегенмен, қамту көлемінің артқанына қарамастан, бірқатар жүйелі мәселелер де анықталды. Атап айтқанда, ата-аналар тарапынан кезек қалыптастырудың ашық еместігіне, өтінімдердің қайталануына және ұйымдарды таңдаудың шектеулілігіне қатысты шағымдар жиіледі. Сонымен қатар, көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау тетіктерінің әлсіздігі де байқалды. Кей жағдайларда мемлекеттік тапсырысты бөлу барысында тиімсіз шығындар мен формалды көзқарас орын алғаны анықталды.
Осы мәселелерді шешу мақсатында ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу туралы шешім қабылданды. Жаңа тәсіл әрбір балаға бір үйірме немесе секцияға тегін қатысуға мүмкіндік беретін электрондық ваучер ұсынуды көздейді. Қазіргі таңда бұл пилоттық жоба еліміздің алты өңірінде, атап айтқанда Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында іске асырылып жатыр.
Пилоттық жобаны жүзеге асыру аясындаелордамызда qosymsha.kz ақпараттық жүйесі іске қосылған. Бұл платформа арқылы ата-аналар балаларын кезекке тіркеп, оның қозғалысын онлайн режимде бақылай алады. Жаңа жүйеде кезек қалыптастыру тетігі түбегейлі қайта қаралды. Егер бұрын барлық балалар үшін ортақ бір кезек болса, енді олар әлеуметтік мәртебесіне қарай 12 санатқа бөлінеді. Әр санаттың жеке кезегі бар, әрі кезек тек алға жылжиды. Қазіргі таңда жүйеде 43 989 бала кезекте тұр.
Жаңа модельдің негізгі қағидаты – «ақша балаға ілеседі». Бұл ата-аналарға баланың қызығушылығы мен қажеттілігіне қарай қызмет көрсетушіні еркін таңдауға және қажет болған жағдайда оны оңай ауыстыруға мүмкіндік береді. Бүгінде 4 484 бала осы мүмкіндікті пайдаланып, басқа үйірме немесе секцияға ауысқан.
Сонымен қатар, «Бір бала – бір ваучер» қағидаты енгізілуде. Қазіргі таңда 6 мыңға жуықбала екі немесе одан да көп ваучер пайдаланушысы болып табылады. Бұл өз кезегінде басқа балалардың қамтылуына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан бірнеше ваучері бар балалардың ата-аналары біреуін ғана қалдырып, қалғанынан бас тартуы қажет. Бұл шешім кезекте тұрған басқа балаларға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, ваучерлік қаржыландыру жүйесі қосымша білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл модель ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қаржыландырудың тиімділігін арттыруға және балалардың мүддесіне бағытталған әділ жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта аталған реформалардың толыққанды жүзеге асырылуы балалардың сапалы қосымша білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді деп күтілуде.



