ӨҢДЕУШІ СЕКТОР: ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ДРАЙВЕРІ

ӨҢДЕУШІ СЕКТОР: ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ДРАЙВЕРІ

Соңғы жылдары Қазақстан экономикасында құрылымдық өзгерістер айқын байқалуда. Ұзақ уақыт бойы ел дамуының негізі болған шикізаттық модель біртіндеп трансформацияланып, оның орнын өңдеуші сектор басып келеді. Бұл – кездейсоқ құбылыс емес, жүйелі жүргізіліп жатқан мемлекеттік өнеркәсіптік саясаттың нақты нәтижесі.

Өңдеуші сектордағы оң өзгерістерге депутаттар да назар аударып отыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев бұл бағыттағы нәтижелерді оң бағалайды:

«Жалпы нәтиже жаман емес. Соңғы жылдары автоөндіріс саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұл – мемлекет тарапынан отандық өндіріске көрсетіліп жатқан қолдаудың дұрыс бағытта жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Ендігі маңызды міндет – осы қарқынды сақтай отырып, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп және медициналық жабдықтар сияқты стратегиялық маңызы бар салаларды кеңінен қамту.

Сонымен қатар, өңірлердегі өңдеуші секторды дамыту үшін инфрақұрылым, кадр даярлау және логистика мәселелері ерекше назарда болуы тиіс. Бұл бағытта Мемлекет басшысы тарапынан нақты сын-ескертпелер айтылып, тиісті тапсырмалар берілді», – деді депутат.

Маңызды тарихи көрсеткіш – 2024 жылдан бастап өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі тау-кен секторынан асып түсті. Егер бұрын экономиканың негізгі тірегі шикізат болса, бүгінгі күні өндірілген өнімдер алдыңғы орынға шықты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші сектордың үлесі 12,7%-ға жетіп, тұрақты өсім көрсетіп отыр.Өндіріс көлемі де айтарлықтай артты: бір жыл ішінде 25,1 трлн теңгеден 30,6 трлн теңгеге дейін өсіп, 22,3%-ға ұлғайды. Бұл көрсеткіштер – экономиканың сапалы өзгерістерге бет алғанының айқын дәлелі.

Қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау

Өңдеуші секторды дамытуда мемлекет тарапынан ауқымды қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда:

1. 2026 жылы 329 млрд теңге көлемінде қаржыландыру жоспарланған; 

2. Ірі жобалар «Қазақстанның Даму Банкі» арқылы несиелендірілуде; 

3. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» мен «Qazaqstan Investment Corporation» арқылы капиталдандыру жүзеге асуда. 

Сонымен қатар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар өнеркәсіптің нақты тірегіне айналды. Бүгінде елімізде 17 арнайы экономикалық аймақ пен 66 индустриялық аймақ жұмыс істейді.

Осы алаңдарда:

— 10,4 трлн теңге инвестиция тартылды; 

— 33 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды; 

— өндірілген өнім көлемі 12,7 трлн теңгеге жетті. 

Бұл – өңірлік экономиканы дамытудағы маңызды фактор.

Импортты алмастыру және ішкі өндірісті қолдау

Мемлекеттік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – импортты алмастыру. Бұл ретте оффтейк-келісімшарттар механизмі тиімді құралға айналды.Нәтижесінде:

1. 1 трлн теңгеге жуық келісімшарттар жасалды; 

2. Жер қойнауын пайдаланушылармен ұзақ мерзімді әріптестік орнады; 

3. Отандық өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптасты. 

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуларда отандық тауарларға басымдық беріліп, олардың тізбесі 4 854 позицияға дейін кеңейтілді.

Нақты жобалар – нақты нәтиже

2026 жылы өңдеуші өнеркәсіпте 200 жоба іске асырылып, 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Олардың қатарында ірі өндірістер бар:

• минералды тыңайтқыштар өндірісі (Жамбыл облысы); 

• ферросилиций зауыты (Павлодар облысы); 

• жүк көліктерін шығару (Астана); 

• машина жасау және химия саласындағы жаңа өндірістер. 

Жалпы алғанда, бұл жобалар толық қуатына шыққанда 1,5 трлн теңгеге дейін өнім өндіру жоспарлануда.

Өңдеуші сектор – Қазақстан экономикасының жаңа өсу белесі. Мемлекеттік қолдау, инфрақұрылым, қаржыландыру және нақты жобалар кешені бұл бағыттың стратегиялық маңызын арттырып отыр.

Ең бастысы – бұл өзгерістер қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылық пен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Еще больше интересного

ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ

Қазақстан бүгінде индустриялық-инновациялық даму жолында жаңа кезеңге қадам басты. Бұл бағыт тек өндірісті арттырумен шектелмейді – ол...

Ветеринариядағы ірі жемқорлық схемасы

Түркістан облысында ветеринария саласында бюджет қаражатын жымқырудың ірі схемасы анықталды. Әңгіме нақты көрсетілмеген қызметтер үшін аударылған шамамен...

Астанада көктемгі тазалық жұмысы жүріп жатыр

Елорда коммуналдық қызметі қыс мезгілінен кейін қаланы ауқымды санитарлық тазалау жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы...