
Қазақстан жаңа Парламентке қадам баса ма? Бұл сұрақ Парламенттік реформа бойынша жұмыс кеңесінде қаралды.
Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаға қатысты түсіп жатқан ұсыныстармен танысты. Кеңесте елдің саяси жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелуі мүмкін мәселелер талқыланды.
Өздеріңізге мәлім, жұмыс тобы бір палаталы Парламенттің болашақ мәртебесі, өкілеттігі мен биліктің өзге тармақтарымен байланысын айқындауға кіріскен.
Келесі отырыста жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың жұмысын қамтамасыз ету рөлі қаралады.
Конституциялық реформаға қатысты ұсыныстар тек сарапшылардан емес, қарапайым азаматтардан да түсіп жатыр. Бұл орайда Президент барлық пікір ескерілуі тиіс, ал түпкілікті шешімді халық жалпыұлттық референдумда қабылдайды деді.
Сонымен бірге, елдегі маңызды қоғамдық диалог алаңы — Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы 20 қаңтарда Қызылордада өтетіні айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев дайындықты күшейтуді тапсырды.

