
Қала түгілі ауыл халқы баспанаға мұқтаж болып отыр. Ауылдағы тұрғын үй тапшылығын шешудің жүйелі жолдарын ұсынған депутат Ерболат Саурықов ауыл тұрғындары, әсіресе жастар мен жас отбасылар, баспананың жоқтығынан ауылда қала алмай отыр дейді.
«Үй болса, ауылда қалар едік», «Тұратын баспана болмағандықтан қалаға көшуге мәжбүрміз» деген уәждер депутаттармен кездесулерде жиі айтылады. Депутаттың айтуынша, ауылдағы тұрғын үй мәселесінің шешілмеуі жастардың жаппай қалаға көшуіне, кадр тапшылығына және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлсіреуіне тікелей әсер етуде.
Ауылды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға басымдық берілгенімен, ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға бағытталған жеке мемлекеттік бағдарлама әлі күнге дейін қалыптастырылмаған.Қолданыстағы бағдарламалар жол, су, электр желісі, мектеп пен мәдениет үйлерін қамтығанымен, ауыл тұрғыны үшін ең өзекті сұрақ – баспана мәселесі жүйелі түрде шешілмей отырғанын алға тартты мәжілісмен.
Депутат бұл орайда Қызылорда тәжірибесін барлық аймаққа қолдануды ұсынды.Өңірде басымдықты қалаға емес, ауыл-аймақтарға тұрғын үй салуға беру туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде соңғы 3 жылда облыстың барлық аудандарында ауылдық тұрғын үйлер салынып, 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілді. 2026 жылы 3600 пәтерлік тұрғын үй салуға 58,7 млрд теңге бөлінді.
Саурықов ауылда баспана салу – жастарды ауылда ұстап қалудың нақты әрі тиімді тетігі екенін айтады. Бұл оарйда үкіметке нақты ұсыныстарын жолдады.
«Ауыл» партиясы фракциясы Үкіметке ауылдардың демографиялық, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін ескере отырып, ауылдық елді мекендердің бірыңғай картасын әзірлеуді үсынды. Бұл құжат әр ауылдың даму бағытын айқындап, тұрғын үй құрылысы мен мемлекеттік қолдау шараларын дәл жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ауылдық елді мекендерге арналған, тұрғын үй салуға тікелей бағытталған жеке мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп,аталған бағдарлама «Ауыл – Ел бесігі» жобасын толықтырып, ауылда тұрақты өмір сүруге нақты жағдай жасауы тиіс.
Сондай-ақ, ауылда еңбек етіп, сол жерде үй салып, тұрмысын жақсартқысы келетін жастар мен жас отбасыларды қолдауға арналған «Туған жер, туған ел, өз ауылым» секілді арнайы жобаларды іске қосу керек. Бұл ретте бизнес өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кеңейтуді ұсынады. Ал мемлекет есебінен салынатын тұрғын үйлерді әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жас отбасыларға, ауылға көшіп келгісі келетін азаматтарға беру керек дейді депутат.
Ауылда үй салу – бұл тек құрылыс емес, ауылдың болашағына салынған инвестиция деп сендіреді «ауылдықтар».

