
Сыбайлас жемқорлық қоғам дерті. Қылмыстың жазасы ауырлағанымен қылмыскердің саны азайды ма? Бүгін біз «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін қоғамда, әсіресе жастар арасында қандай нақты заңнамалық немесе ағартушылық бастамаларды күшейту қажет? Аталған тақырыпта нәтижелі халықаралық тәжірибелер қандай?» деген сауалдарға депутаттардан жауап іздеп көрдік.
Ерлан Саиров:
— Біріншіден, бізде жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке жастарды мектеп жасынан тәрбиелеуіміз керек. Екіншіден, бүкіл шешімдердің барлығы ашық болуы керек. Егер Қазақстанда толыққанды цифрландыру жүзеге асса онда тұрмыстық деңгейде де, мемлекеттік деңгейде де жемқорлық азаяды. Өйткені, цифрландыру бұл нақты ашықтық. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл тақырыпқа жиі оралатыны сондықтан. Біз қоғамда жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыра отырып, елімізде толыққанды цифрландыру процесін жүргізуіміз керек. Сол кезде бүкіл мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік қызметтің барлығы ашық болады.
— Аталған тақырыпта нәтижелі халықаралық тәжірибе жөнінде не айтасыз?
— Еуропа елдеріне назар аударайық. Атап айтсақ, Германия мен Франция. Профилактикалық түсіндірме жұмыстары мектеп қабырғасынан жүргізіледі. Мемлекеттік бюджет – халықтың ортақ ырысы, оған қол сұғушылық отанға жасалған опасыздық екенін балалар санасына сіңіреді. Осындай жүйенің арқасында Еуропа елдерінде құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениеті қалыптасқан.
Жигули Дайрабаев:
— Мәселен жапон халқын алайық. Сана мен мәдениет тазалығына қатты мән береді. Біздің де жастардың санасы сергек, білімді болу керек. Ал, білімді азаматтың бойынан мәдениет, отансүйгіштік сынды қасиеттер табылса бұл нағыз керемет. Ал, мұндай парасатты адам аспаннан салбырап түспейді. Бірінші кезекте отбасынан алған тәрбиенің жемісі деп білемін. Сондықтан алысқа ұзап қайтеміз. Кез-келген халықаралық нормалардан біздің өткен тарихымыздағы қазақтың берік салт-дәстүрі, «ұят», «обал-сауап» қағидаты артық дер едім. Сондықтан өзгенің қаңсығын таңсық қылмай, өзіміздің теңдессіз тәрбие құралдарымызды тиімді пайдалануымыз керек. Расымен жіберіп алған қателіктеріміз баршылық. Ендігі кезекте өткеннен сабақ алып, жастар тәрбиесіне аса ден қоймасақ болмайды.
Ерболат Саурықов:
— Ешбір түзеу мекемесі отбасында берілетін тәрбиенің орнын толтыра алмайды. Өйткені тәрбиенің бастауы – отбасы. Тәрбие құндылықтары да, қоғамды сыйлау, халық қазынасына жауапкершілікпен қарау да отбасынан басталады. Демек, отбасылық тәрбиенің алар орны зор. Екіншіден, тәрбие мәселесі идеологиялық тұрғыда мектеп қабырғасынан жүруі керек. Бұл мәселе орта білім беру саласында, колледждерде кенжелеп тұр.
Аталған тақырыпта Жапония мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі әлемде озық саналады. Құндақтан басталған тәрбие, балабақша бағдарламасына енгізілген. Одан мектепте тереңдете оқиды. Жөргектен басталған идеология ЖОО жалғасып, жас маман қоғамдық өмірге дайын болып шығады.
Асхат Аймағамбетов:
Сыбайлас жемқорлықпен күресудің бірнеше тәсілдері бар. Заң аясында түрмеге отырғызу, тиісті заңдарды қабылдау сынды салдарымен күресу. Алдын алу бойынша арнайы тетіктері бар. Ол, әрине — тәрбие. Тәрбие бірінші кезекте қоғамның құндылықтарына байланысты және білім беру ұйымдарында қалыптасады. Мектепке дейін де балаларға айтатын ертегілеріміз, ырым-тыйымдарымыз «кісінің ала жібін аттама», «шындықты айт» деген сияқты дінде де, біздің мәдениетте де, дәстүрімізде де жақсы құндылықтар бар. Осыны отбасылық тәрбиеде қолдануымыз керек. Өз кезегінде білім саласында да арнай пәндердің ішінде бұл тақырыптар қамтылған. Қазақ тілі, әдебиет, ағылшын тілі пәндер бағдарламасында моралдық құндылықтармен қатар, заңға бағыну, жемқорлыққа жол бермеу, кісінің ала жібін аттамау сынды тақырыптар кездеседі. Одан бөлек 9 сыныпта құқық негіздері бойынша арнайы пән бар. Білім беру бағдарламасында ЖОО болсын, орта білім беру ұйымдарында болсын бұл мәселе қамтылып отыр. Бұл тек білім саласында ғана емес отбасылық тәрбие тетігінде де аса мән берілуі керек кешенді мәселе.
Абзал Құспан:
Айдос Сарымның жетекшілігімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Жуырда көп ұзамай екінші оқылымға шығады. Жұмыс тобының мүшесі ретінде бірқатар ұсыныстарымды бердім. Мысалға, заңды түсіндіру барысында формальды жұмыстардан арылып, жаттанды ұраншылдықты ысырып қойып, халыққа түсінікті тілде жеткізілуі керек. Азаматтар құқықтық сауаттың әуелі өзі үшін керек екенін саналы түрде қабылдайтын уақыт жетті – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.

