Таразда ауыл жастарын біріктірген республикалық «Auyl Jastary» форумы өтті

29–30 мамыр күндері Жамбыл облысы Тараз қаласындағы «Талбесік» этноорталығында республикалық «Auyl Jastary» форумы ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірлерінен келген 300-ге жуық белсенді ауыл жастары бас қосқан ауқымды шара жаңа идеялар мен бастамалардың алаңына айналды.

Форумның басты мақсаты – ауыл жастарының әлеуетін арттыру, көшбасшылық қасиеттерін дамыту және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің және Ауыл партиясы төрағасы Серік Егізбаев сөз сөйлеп, жастарды цифрландыру мен жасанды интеллект саласын меңгеруге шақырды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформалар мен 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы жастардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Форумға Мәжіліс депутаттары Ерболат Саурықов, Мұқаш Ескендіров, Әбутәліп Мутәлі, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, блогерлер мен сарапшылар қатысты.

Бағдарламаның алғашқы күні қатысушыларға арналған тимбилдинг ойындары, шығармашылық кеш және әуе шарымен ұшу ұйымдастырылды. Ал екінші күні форум «AI Education Talks: Білімге жаңа көзқарас», «Business Talks: Идеядан табысқа» және «Motivation Talks: Жастарға серпін» атты білім беру және мотивациялық алаңдармен жалғасты.

Екі күн бойы жастар технология, жасанды интеллект, кәсіпкерлік, қоғамдық көшбасшылық және тұлғалық даму бағыттарында тәжірибелі спикерлердің дәрістерін тыңдап, практикалық сессиялар мен пікірталастарға қатысты.

Форум барысында ауылдық аумақтарды дамыту, жастардың бастамаларын қолдау және заманауи технологияларды өңірлерде тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Қатысушылар жаңа жобалар ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.

Жамбыл облысынан келген форум қатысушысы Едіге Өсер мұндай іс-шаралардың жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін қатысқан форумдарда алған білім мен тәжірибе кәсіби жетістіктерге жетуге көмектескен.

«Auyl Jastary» форумы ауыл жастарын біріктіретін маңызды диалог алаңы ретінде жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға және ауылдың болашағына қатысты тың идеяларды жүзеге асыруға бағытталған.

Форумның қорытындысы жастарға арналған «Auyl Party» концерттік бағдарламасымен аяқталды. Кеш барысында Мөлдір Әуелбекова, Тұрар Ыдырыс, Жасұлан Көпберген, Абзал Өтешов және Болат Қобыланды өнер көрсетті.

Еще больше интересного

Алматыда РФММ-нің 47 оқушысы ауруханаға түсті

Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Балалар 12 және 13 қазанда...

Камералар, кездесулер және жаңа идеялар: Astana Media Week 2026...

Бір жерде сұхбат жазылып жатыр, екінші жақта спикерлер пікір алмасуда. Камерасын дайындаған тілшілер, әріптесін кездестірген журналистер, жаңа...

Қазақстан 2027 жылы триллиондаған теңгені қайда жұмсайды?

Қазақстанның 2027 жылғы республикалық бюджет шығыны 30,2 триллион теңге болады. Оның басым бөлігі әлеуметтік салаға, өңірлерді дамытуға,...