
Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Балалар 12 және 13 қазанда медициналық мекемеге жеткізілген. Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.
Мектеп-интернатта тұратын тағы сегіз бала оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.
Оқиғадан кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мектептің, интернат пен асхананың жұмысын уақытша тоқтатты. Мамандар тексеру жүргізіп, зертханалық зерттеуге сынамалар алды.
Әзірге балалардың жаппай сырқаттануына не себеп болғаны ресми түрде анықталған жоқ. Зертханалық зерттеу нәтижелері жарияланған жоқ.
Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.





