Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Президенттің 2026 жылғы Конституцияның бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарап, маңызды шешім қабылдады.
Әңгіме Конституцияның 43-бабының 1-тармағы, 72-бабының 2 және 3-тармақтары, 83-бабының 1-тармағы және 84-бабының 3-тармағындағы белгілі бір мемлекеттік лауазымдарға қойылатын шектеулерге қатысты болды.
Конституциялық Соттың түсіндіруінше, 2026 жылғы Конституцияда белгіленген шектеулер тек осы Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлану немесе тағайындалу фактілеріне ғана қолданылады. Ал 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде атқарылған қызмет мерзімі немесе сол кездегі сайлану мен тағайындалу фактілері есепке алынбайды.
Осыған байланысты, 1995 жылғы Конституция бойынша белгілі бір мемлекеттік лауазымды атқарған азаматтар үшін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес сол қызметке қайта сайлануға немесе тағайындалуға конституциялық-құқықтық кедергі жоқ.
Конституциялық Соттың ресми түсіндіруіне сәйкес, мұндай жағдайда 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлану немесе тағайындалу алғаш рет сайлану немесе алғаш рет тағайындалу ретінде есептеледі.
Осылайша, Конституциялық Сот жаңа Конституциядағы лауазымдық шектеулердің кері күшке ие еместігін және олардың 1995 жылғы Конституция кезеңіндегі қызмет өтіліне қолданылмайтынын нақтылады.





