
Оқу-ағарту министрлігінің Ішкі аудит департаменті «Абай ұлттық мектебі» РММ-де жүргізген аудит нәтижесінде 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталды.
Тексеру 2023 жылғы 1 қаңтар мен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығын қамтыған. Оның ішінде 10,4 млрд теңге қаржылық, ал 370,6 млн теңге рәсімдік бұзушылықтарға қатысты.
Аудит барысында мектеп мүлкін есепке алу кезінде кемшіліктер анықталып, 2,4 млн теңгенің мүлкі жоғалғаны белгілі болды. Сондай-ақ кейбір жөндеу және абаттандыру жұмыстары толық орындалмаса да, мердігерлерге бюджет қаражаты төленген.
Тексеру педагогтерге қосымша ақы төлеуде де заң талаптарының сақталмағанын көрсетті. Кейбір мұғалімдерге тиісті негізсіз үстемақы төленсе, бір педагогтің 8 жылдан бері аттестаттаудан өтпегені анықталған.
Бұдан бөлек, мектептің білім беру лицензиясына қатысты құжаттар толық рәсімделмеген, мемлекеттік сатып алу талаптарының бұзылуы және ішкі бақылаудың әлсіздігі де тіркелген.
Аудит қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына 4 материал жолданып, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 материал рәсімделді.




