
Елорданың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын жаңартуға Үкімет резервінен 16,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді,-деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Қаражаттың басым бөлігі кәріз жүйесін жаңғыртуға бағытталады. Жаңа коллекторлар салынып, ескі желілер жөнделеді. Соның арқасында жауын-шашын мен ағын сулар тиімді шығарылып, қаладағы тазарту нысандарының жұмысы жақсарады. 7,5 миллиард теңге электр жүйесін күшейтуге жұмсалады. Жаңа қосалқы станса салынып, ЖЭО-2-дегі турбина жаңғыртылады. Нәтижесінде шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бұл өзгерістер жаңа мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды іске қосуға мүмкіндік береді. Үкімет осы жобаларды іске асыра отырып, халық саны жыл сайын артып жатқан Астананың коммуналдық жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, қала инфрақұрылымын нығайтпақшы.
Атап айтқанда, Астананың Есіл ауданындағы қолданыстағы тазарту құрылыстарынан бастап Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын коллектор салынады.
Көзделген жұмыстарды жүзеге асыру 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұруға, сондай-ақ тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Астананы одан әрі дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптастырады.
Бұл қаражатқа қолданыстағы электр желілеріне қосылатын 110/20 кВт-тық «Қарлығаш» жабық қосалқы стансасы салынып, «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.
Жаңа энергонысан іске қосылғаннан кейін «Есіл» және «Бәйтерек» қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азайып, «Нұрлы жол» вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етіледі. Қосымша қуат жаңа мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік береді.
ЖЭО-2-дегі турбинаны жаңғыртқаннан кейін оның электр қуаты 30 МВт-қа – 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін артады. Бұл елордадағы электр энергиясын тұтыну жыл сайын өсіп отырғанына орай энергиямен жабдықтау сенімділігін күшейтеді.




