
Ректорларға ротация керек пе? Жоғары оқу орындарының ректорлары бір қызметте қанша жыл отыруы керек? Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек брифинг барысында жауап қатты. Министр мемлекеттік және ұлттық жоғарғы оқу орындарындағы ректорлардың 10 жылдан астам тапжылмай отырғанын құптамайтынын айтты. Дегенмен, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов 2011 жылдан бері орнынан қозғалған жоқ. 15 жыл бойы осы университетті басқарып отырған Сыдықов стандартты келісім шарт бойынша 3 жылға екі рет тағайындалған. Қалған жылдарда байқаумен өткен. Жоғары білім министрі мұндай деректер басқа да оқу орнында барын мойындап отыр. Кез келген ұйымға жаңа көзқарас, жаңа басқару тәсілі мен жаңа идея қажет. Ректорлық қызмет те атадан балаға қалатын мұра емес. Осыға орай Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарында басшыларды ауыстыру, яғни ротация мерзімін қайта қарау қажеттігін айтты. Министрдің бұл ұсынысы ЖОО басшыларының қызмет мерзіміне қатысты жаңа өзгерістердің бастамасы бола ма – оны уақыт көрсетеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, өкінішке орай кейбір ректорлардың қызметі конкурспен созыла береді. Екі мерзімге шектеу енгізіледі . Кемінде бір жерде 6 жыл отыруы керек. ЕҰУ ректоры келесі жылы қызметінен кетеді. Ол кісімен ары қарай келісімшарт жасаспаймыз.Көп отырса жағымсыз салдары бар. Көп жыл отырған ректорлар барын мойындау керек.





