Астанада интернет-дүкен арқылы есірткі сатты деген күдікпен 30 жастан асқан бес ер адам ұсталды. Тінту кезінде олардан 12 келіге жуық есірткі және каннабис шайыры қосылған 238 печенье табылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әр печеньенің салмағы шамамен 100 грамм. Сондай-ақ 8 келіден астам марихуана, 1,5 келі гашиш, 2 келі каннабис шайыры, қолма-қол ақша, телефондар мен есірткіні өлшеп, қаптауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді.
Тергеу нұсқасы бойынша, топ мүшелері міндеттерді бөлісіп алған: бірі ұйымдастырушы болса, қалғандары есірткіні өлшеп, сақтап, жасырын орындарға жеткізумен айналысқан.
Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бесеуі де қамауға алынған.
Күдіктілердің кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденуге тиіс.





