Алматы облысының Іле ауданындағы Көкқайнар ауылында 17 жастағы 11-сынып оқушысы Ясмина Ізімжан қаза тапты. Бұл туралы Kznews.kz сайтына сілтеме жасап pikirmedia.kz хабарлайды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы жағдайға дейін Ясмина 19 жастағы жігітпен қарым-қатынаста болған. Алайда бұл байланысқа жігіттің анасы, сол мектепте сабақ беретін мұғалім қарсы болған. Жақындары мұғалім тарапынан қызға психологиялық қысым жасалғанын, оның жеке өміріне қатысты ескертулер айтылғанын және ата-анасын мектепке шақыртумен қорқытқанын мәлімдеп отыр. Туыстарының сөзінше, Ясмина жігітпен араласуын тоқтататыны туралы жазбаша қолхат беруге мәжбүр болған. Қыздың өлімінен кейін жақындары «За Ясмину» атты Instagram парақшасын ашқан. Олар тергеудің нәтижесіне алаңдап, істің жан-жақты әрі әділ қаралуын талап етіп отыр.
Ал «Menin mektebim» жекеменшік мектебінің әкімшілігі құқық қорғау органдарына қажетті ақпарат пен құжаттарды беріп, тергеуге көмектесіп жатқанын мәлімдеді. Мектеп өкілдерінің айтуынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайы уәкілетті органдардың тергеуінде. Тергеу аяқталып, процессуалдық шешім қабылданғанға дейін білім беру мекемесі қосымша түсініктеме бермейтінін жеткізді.



