
Таңсәріден басталған сайлаушылар легі кей өңірлердегі жауын-шашынға қарамастан, толастар емес. Уақыт өткен сайын дауыс беруге келушілер қатары артып келеді.
Қостанай облысында спортшылар дауыс беруге шаңғыроллермен келсе, Қызылордада сайлауға қатысушылар арасында бүгін алғаш рет дауыс беріп жатқан 18 жастағы түлектер де бар.
Сайлау күні біртіндеп үлкен жалпыұлттық оқиғаның сипатына еніп келеді. Шымкенттегі №360 сайлау учаскесіне «Әжелер» ансамблінің мүшелері ұлттық киім киіп, ақ жаулық тағып келді. Атырауда сайлаушыларды «90-жылдарды еске алып» атты фотозона қарсы алса, учаскелерде музыка ойнап, өнерпаздар өнер көрсетуде. Дауыс берушілердің бірі ондағы көңіл күйді: «Президентті қарсы алғандай қарсы алып жатыр», – деп сипаттады.
Оралда дауыс беруге Төлеген мен Қыз Жібек те «келді». Жастар театрының актерлері әйгілі туынды кейіпкерлерінің образынан шықпастан өз таңдауларын жасауды жөн көрген.
Ақтөбеде сайлаушыларды гуманоид робот қол алысып қарсы алса, оның жанында робот-ит жүр.
Алматыда сайлау учаскелерінде «Месси» мен «Роналду» бой көрсетсе, Петропавл оған өз «Эрлинг Холандын» шығарды. Маңғыстауда ұлттық киім киген садақшылар мен Атазаң есімді баланың әкесі дауыс берді. Өңірлердің бірінде тіпті Өрмекші адам да сайлау учаскесінен көрінді.
Ал Алматыда бұған дейін дауыс берген Құрылтай есімді азаматтың қатарына Абай облысындағы аттасы – 68 жастағы Құрылтай Әлімжанов қосылды.



