«Оқулықтар қалайша қате басылып кеткен?»: экс-сенатор тарих оқулықтарына қатысты сұрақ қойды

Білім күні қарсаңында тарих оқулықтарының сапасы мен ондағы қателер мәселесі қайта көтерілді. Бұл туралы экс-сенатор Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасында жазды.

Экс-сенатордың пікірінше, оқу жылындағы басты мәселелердің бірі – мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды жүйелі түрде жою. Әсіресе тарих пәні оқулықтарындағы қателердің маңызы бөлек, өйткені тарихи білім ұлттық сананың қалыптасуына тікелей әсер етеді.

«Ұлттық сана тарихи сана арқылы қалыптасады десек, қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасатыны анық», – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы дәстүрлі Тамыз конференциясында тарих оқулықтарындағы мәселеге арнайы тоқталып, 700-ден астам қатені түзетуді тапсырған.

Дархан Қыдырәлі бұл мәселені бұған дейін де көтергенін еске салды. 2024 жылғы 11 қаңтарда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалда тарих оқулықтарындағы қателерді түзетумен қатар, Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өту мәселесін ұсынған.

Сондай-ақ депутат қазақ мемлекеттілігінің тарихын оқулықтарда кеңірек әрі жүйелі қамту қажеттігін айтқан. Атап айтқанда, Жошының қазақ хандарының атасы ретіндегі тарихи орнына, Ұлық ұлыс – Алтын Орда тарихына, Моғолстанның қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы рөліне және Қазақ хандығының құрылу тарихына көбірек көңіл бөлу керектігін алға тартқан.

«Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі», – деп жазды сенатор.

Алайда 2024 жылы жолданған депутаттық сауалға Үкіметтен жауап келгенімен, ол жауаптың көңіл көншітпегенін атап өтті. Оның айтуынша, көтерілген мәселелердің бірқатары әлі де өзекті болып отыр.

Енді экс-сенатор оқулықтардағы қателерге қатысты бірқатар нақты сұрақ туындайтынын айтады: оқулықтардағы қателерге кім жауапты? Олар қандай бақылау кезеңдерінен өтіп барып баспаға жіберілген? Қателер қалай анықталды? Қашан және қандай тәртіппен түзетіледі?

Дархан Қыдырәлі осы оқу жылында тарих оқулықтарындағы анықталған олқылықтар толық жойылады деген үміт білдірді.

Мәселе тек оқулықтағы қате әріп немесе дұрыс жазылмаған тарихи датада емес. Тарихи оқулық — жас ұрпақтың өткен туралы түсінігін қалыптастыратын негізгі құралдардың бірі. Сондықтан оның мазмұнына қойылатын талап та жоғары болуы тиіс.

Еще больше интересного

Тоқаев: Құтқарушылар бес жылда 240 мыңға жуық адамға көмектесті

Бүгін Құтқарушылар күні. Осы мерекеге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды Соңғы бес жылда Қазақстан құтқарушылары...

Алматыда РФММ-нің 47 оқушысы ауруханаға түсті

Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Балалар 12 және 13 қазанда...

Камералар, кездесулер және жаңа идеялар: Astana Media Week 2026...

Бір жерде сұхбат жазылып жатыр, екінші жақта спикерлер пікір алмасуда. Камерасын дайындаған тілшілер, әріптесін кездестірген журналистер, жаңа...