
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Гонконгте өткен 11-ші «Бір белдеу, бір жол» саммитіне қатысты. Саммит – сауда, инвестиция және көлік байланысын дамыту мәселелері талқыланатын негізгі халықаралық алаңдардың бірі.
Саммит аясында Сауда және интеграция министрі әлемдік экономиканың трансформациясы жағдайында орнықты сауда және инвестициялық байланыстарды қалыптастыруға арналған «Әртүрлі жаһандық жағдайда орнықты сауда және инвестициялық тетіктерді қалыптастыру» атты жоғары деңгейдегі Policy Dialogue сессиясында сөз сөйледі.
Арман Шаққалиев «Бір белдеу, бір жол» бастамасының Қазақстан үшін тарихи маңызына ерекше тоқталды. 2013 жылы дәл осы Астана қаласында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет Жібек жолының экономикалық белдеуі идеясын ұсынған болатын.

Министрдің айтуынша, бүгінде бастама дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатыр. Бұл кезеңде физикалық инфрақұрылыммен қатар цифрлық байланыс, трансшекаралық деректер ағыны және өзара үйлесімді цифрлық платформалар барған сайын маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ 2026 жылдың алғашқы 7 айында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 32,4 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,1%-ға өскені атап өтілді.
Гонконгпен саудадағы оң динамика да сақталып отыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 250,6 млн АҚШ долларын құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе өсті.
Саммит барысында Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін* де ерекше назар аударылды. Қазақстан теміржол және автомобиль инфрақұрылымын, шекаралық өткізу бекеттерін, логистикалық орталықтарды, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын – Орта дәлізді жүйелі түрде дамытып келеді.
Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы теміржол жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Арман Шаққалиев атап өткендей, Қазақстанның міндеті тек транзит көлемін арттыру емес. Негізгі мақсат – жаңа өндірістерді, инвестицияларды және өңірлік жеткізу тізбектерін дамытуға мүмкіндік беретін толыққанды экономикалық дәліз қалыптастыру.
Осыған байланысты «қатты» және «жұмсақ» инфрақұрылымды ұштастыруға ерекше мән беріліп отыр. Яғни көлік нысандарын дамытумен қатар, рәсімдерді цифрландыру, стандарттарды үйлестіру, кедендік және логистикалық процестерді жеңілдету жұмыстары қатар жүргізілуде.
Қазақстан сондай-ақ шетелдегі терминалдар желісін кеңейтіп, жүктерді рәсімдеу мен олардың қозғалысын жеделдетуге және бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді енгізіп жатыр.
Министр Гонконгпен ынтымақтастықты дамытудың елеулі әлеуеті бар екенін атап өтті. Гонконг – әлемдегі жетекші халықаралық қаржы және іскерлік орталықтардың бірі.
Оның айтуынша, Гонконгтың қаржылық сараптамасын, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін және Орталық Азияның өсіп келе жатқан нарығын біріктіру бірлескен жобалардың жаңа буынын іске қосуға негіз бола алады.
Жұмыс сапары аясында Арман Шаққалиев Гонконгтің арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лимен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы өзара іс-қимылдың оң динамикасын атап өтіп, Джон Лидің биыл маусым айында Қазақстанға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру мәселелерін талқылады.
Гонконг әкімшілігінің басшысы Қазақстан басшылығына жылы лебізін жеткізіп, бірлескен бастамаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.
Арман Шаққалиев Қазақстан мен Гонконгтың бірін-бірі толықтыратын артықшылықтары бар екенін айтты. Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық буын ретіндегі орнын нығайтып келеді. Ал Гонконг қаржы, инвестиция, басқару және кәсіби сараптама салаларында айтарлықтай тәжірибеге ие.
Кездесу барысында көлік және логистика, өнеркәсіп, тау-кен секторы, қаржы, цифрландыру және инвестиция салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.





