
2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тағы бір тарихи оқиға орын алды. Амур есімді аталық жолбарыс табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс атанды.
31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Тура үш айдан кейін екінші жолбарыс Амур табиғи ортаға аттанды.
Іс-шараға Табиғи ресурстар және экология министрі Әлібек Қуантыров өзі қатысқан. Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Табиғи ортаға бейімделуін бақылау үшін жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.
Табиғи ресурстар және экология министрлігінің хабарлауынша, Үміт есімді аналық жолбарыстың жабайы табиғатқа бейімделуі сәтті өтуде.
Ересек жолбарыстармен бірге Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, тиісті ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өткеннен кейін әрқайсысын табиғатқа жіберу мүмкіндігі жеке қаралады.





