
Қазақстан Халық Кеңесі «Халыққа жақын» республикалық жобасын іске қосты. Алғашқы сапар Қызылорда облысының Арал ауданынан басталды. Жобаның басты мақсаты – шалғай елді мекендердің тұрғындарымен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселелерін жергілікті жерде шешуге ықпал ету.
Жоба аясында Халық Кеңесінің мүшелері мен салалық министрліктер өкілдерінен мобильді топтар құрылды. Олар өңірлерді аралап, тұрғындардың өтініштерін тыңдайды, мемлекеттік қызметтерді алуға көмектеседі және өзекті мәселелерді жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтайды.
Арал ауданындағы кездесуде Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов жаңа институттың міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың ел басқару ісіне қатысуына мүмкіндік беріп, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайту маңызды.
Кездесулерде жұмыспен қамту, жастарды қолдау, білім мен медицина сапасы, интернеттің қолжетімділігі, қоғамдық қауіпсіздік және экология мәселелері көтерілді. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен жұмыс іздеушілерге кеңес беріліп, Enbek.kz электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктері таныстырылды.

Тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, мектептер мен медициналық мекемелерді жаңғырту, жастарға кәсіби бағдар беру және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Халық Кеңесі азаматтардың өтініштері мен бастамаларын қабылдауға арналған мобильді қосымша әзірлеп жатыр. Бұл жүйе іске қосылғанда тұрғындар тұрғылықты жеріне қарамастан, өз ұсыныстарын цифрлық форматта жолдай алады.
Алғашқы кезеңде Халық Кеңесінің мүшелері Марат Әзілханов пен Геннадий Шиповских бастаған мобильді топ Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарын аралайды. Қызылорда облысында жинақталған тәжірибе алдағы уақытта өзге өңірлерде де қолданылмақ.




