Елдос Сметов төртінші Олимпиада үшін мансабын жалғастырмақ

Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуды көздеп отыр. 33 жастағы спортшы бұл жайында AqyrysSeitqazy-ға берген сұхбатында айтты.

Алдағы Олимпиада Сметов үшін мансабындағы төртінші дода болуы мүмкін. Спортшы үлкен спорттағы жолын жалғастыруға шешім қабылдағанын және жаңа Олимпиадаға дайындалу үшін қалған уақытты тиімді пайдаланғысы келетінін жеткізді.

«Төртінші Олимпиадаға баруға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы мансабымды жалғастыруға шешім қабылдадым. Қазақта “Алтын тапқан жеріңді қаз” деген сөз бар. Менің өмірімде, өз саламда алтын табылған жер – спорт, нақтырақ айтқанда, дзюдо. Дзюдода мен қолданатын әдістер бар – бір рет немесе екі рет қолдансам да. Бұл жерде алтын бар, мен оны соңына дейін алуым керек. Маған тиесілі, маған қажет сол алтынды алуым керек. Себебі мен ол үшін алтыннан да қымбат дүниелерімді беремін. Ол – денсаулығым», – деді Сметов.

Үш Олимпиада – үш медаль

Елдос Сметов қатарынан үш Олимпиадада жүлде алған. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміс, 2021 жылы Токиода қола медаль иеленсе, 2024 жылы Париж Олимпиадасында алтын жүлдеге қол жеткізді.

Париж Олимпиадасындағы алтын Қазақстан үшін тарихи жетістік болды. Сметов еліміздің тарихында дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы.

Триумфтан кейін спортшы біраз уақыт жарыстардан тыс қалды. Осы кезеңде ағылшын тілін үйреніп, спорттық мансабында алған жарақаттарына байланысты бірнеше ота жасатты.

Сметов татамиге 2026 жылдың маусымында қайта оралды. Ол Қытайдағы Гран-при турниріне қатысып, екі жеңіске жеткенімен, жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Содан бері қазақстандық дзюдошы жарыстарға қатысқан жоқ.

Енді Сметов дайындықтарын жалғастырып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада Қазақстан намысын қорғау мүмкіндігі үшін күресуді көздеп отыр.

Еще больше интересного

Қазақстан армиясы реформаланады: әскерге шақырылушылар алты ай оқып, алты...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, әскери реформа жоспарын қарады. Мемлекет басшысы заманауи, ұтқыр әрі технологиялық...

Астанада есірткі қосылған 238 печенье тәркіленді

Астанада интернет-дүкен арқылы есірткі сатты деген күдікпен 30 жастан асқан бес ер адам ұсталды. Тінту кезінде олардан...

Қазақстаннан 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз шығарылған

ҰҚК мұнай өнімдерін шетелге заңсыз экспорттаған ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатты. Тергеу дерегінше, 2019–2023 жылдары Batys Nefte Trade...