
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, әскери реформа жоспарын қарады. Мемлекет басшысы заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құру қажеттігін атап өтті. Реформа басқару жүйесін, әскери даярлықты, кадр саясатын және армияның қауіпсіздігін қамтиды.
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева армияны реформалау жоспарын таныстырды. Құжат әскери жүйені жаңғыртуға, басқару мен қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіруге және Ұшқышсыз жүйелер күштерін құруға бағытталған.
Реформа аясында мерзімді әскери қызметтің екі кезеңдік үлгісіне көшу жоспарланып отыр. Алғашқы алты айда сарбаздар оқу орталықтарында даярлықтан өтсе, келесі алты айда әскери бөлімдерде жауынгерлік машығын шыңдайды.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау үшін әскери консультанттар және әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттары құрылады. Жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қабылданады.
Бұдан бөлек, «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесі дамытылып, мамандандырылған әскери мектептер желісі кеңейтіледі. Бастапқы әскери даярлықты жетілдіру де көзделген.




