
Арқалық қаласының әуежайы 30 жылдық үзілістен кейін қайта жұмысын бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Көлік министрлігі Астана–Арқалық бағыты бойынша алғашқы рейсті іске қосты.
Рейстерді SCAT әуе компаниясы орындайды. 22 тамыздан бастап Астана–Арқалық–Астана бағыты бойынша ұшақтар аптасына екі рет қатынайды. Бір бағыттағы билет құны – 10 мың теңге.

Сонымен қатар Алматы–Арқалық бағыты бойынша аптасына екі рейс орындалады. Мұнда билет бағасы – 25 мың теңгеден. Ал облысішілік субсидияланатын Қостанай–Арқалық–Қостанай бағыты да іске қосылып, жолаушылар аптасына екі рет қатынай алады. Бұл бағыттағы билет құны – 10 мың теңге.
Айта кетейік, 12 тамызда Арқалық әуежайының үш әріптік IATA коды – AYK қайта қалпына келтірілген болатын.

Әуе қатынасының қайта ашылуы Арқалықтың көлік қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың мобильділігіне, іскерлік байланыстардың дамуына және өңірге инвестиция тартуға жаңа мүмкіндік береді.
Алғашқы рейсті ашу рәсіміне ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов, авиация саласының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты,-деп хабарлайды көлік министрлігінің баспасөз қызметі.





