Шығыс Қазақстан облысында құқық қорғау органдары заңсыз алтын өндірумен айналысқан топтың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, ШҚО бойынша ҚМА департаментінің қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдерімен бірлесіп, Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылы маңында заңсыз жүргізілген алтын өндіру жұмыстарын анықтаған. Кен өндіру тиісті рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылған.
Тергеу барысында кен орнын заңсыз игеру салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келгені анықталды. Жалпы аумағы шамамен 30 гектар жерде топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, табиғи ландшафт бұзылған және өзен арнасы өзгерген.
Жұмыстарды жүргізу үшін ауыр техника мен өнеркәсіптік жабдықтар пайдаланылған. ҚМА мәліметінше, заңсыз іске 30-дан астам адам тартылған. Олардың арасында шетел азаматтары, оның ішінде Қытайдан келген тұлғалар да бар.
Тергеу іс-шаралары барысында жүк көтергіштігі 40 тонна болатын алты карьерлік самосвал, төрт шынжыртабанды экскаватор, бір фронталды тиегіш және құрамында алтыны бар кенді өндіруге әрі жууға арналған екі өнеркәсіптік кешен тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.





