«Қазақстандық жастарға тәнті болдым»: шетелдік байқаушылар сайлау учаскелерінде не байқады?

Алғашқы Құрылтайға сайлауы халықаралық байқаушылардың жіті назарында өтіп жатыр. ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, ТүркПА және бірқатар елдердің ұлттық сайлау органдарының өкілдері Астана, Алматы және өңірлердегі сайлау учаскелерінде жұмыс істеуде. Миссиялардың түпкілікті қорытындылары әлі жарияланбағанымен, сарапшылар қазірдің өзінде сайлау процесінің ұйымдастырылу деңгейін, азаматтардың белсенділігін, комиссиялардың дайындығын, дауыс берудің қолжетімділігін және Қазақстандағы саяси өзгерістерге деген қызығушылықты атап өтуде.
«Бұл – Қазақстан үшін маңызды сайлау», – деп ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау миссиясының басшысы, елші Винсент Пикет оның мән-маңызын атап өтті. Байқаушының айтуынша, халықаралық мониторингтің ауқымы да айтарлықтай: ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының өзі ел бойынша 200-ге жуық сарапшыны жұмылдырған, оларға 100-ге тарта парламентарий қосылған. Байқау еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларын қамтиды.
Бұл күннің ерекше байқалған тұстарының бірі – сайлаушылардың белсенділігі. ТМД ПАА байқаушылар тобының үйлестірушісі, Беларусь Ұлттық жиналысы Республика Кеңесі төрағасының орынбасары Игорь Брилевич Астанадағы нөсер жаңбырдың өзі тұрғындардың сайлау учаскелеріне келуіне кедергі болмағанын атап өтті. Қазақстандықтар дауыс беруге отбасымен, оның ішінде кішкентай балаларын ертіп келіп жатыр. Оның пікірінше, мұның артында үлкен әрі асқан дайындық жатыр.
Грузия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Георгий Каландаришвили дауыс берудің ұйымдастырылуына кәсіби тұрғыдан баға берді. Ол рәсімдердің нақты орындалуына, учаскелік комиссиялардың дайындығына, процестің ашықтығына және азаматтардың өз сайлау құқығын еркін жүзеге асыруына жасалған жағдайға назар аударды. Каландаришвили қазақстандықтардың дауыс беруге деген қызығушылығын және сайлау учаскелеріндегі сабырлы әрі өзара құрметке негізделген ахуалды да ерекше атап өтті.
Тәжікстанның Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Бахтиер Худоерзода сайлауды ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады. Оның айтуынша, жүйелі дайындық жүргізіліп, азаматтарды ақпараттандыру қамтамасыз етілген, ал өзі барған сайлау учаскелерінде азаматтардың еркін таңдау жасауына барлық жағдай жасалған. Байқаушы қазіргі сайлау науқанын Қазақстандағы ауқымды конституциялық өзгерістермен және мемлекеттік институттардың дамуымен де байланыстырды.
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының өкілдері де осыған ұқсас пікір білдірді. Халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі, Ресей Мемлекеттік Думасының қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы Андрей Картаполов сайлау учаскелерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жақсы дайындалғанын атап өтті. Таңертеңгі байқау қорытындысы бойынша миссия тарапынан елеулі ескертулер болған жоқ.
Халықаралық байқаушылардың ерекше назарын жастардың белсенділігі аударды. ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығы басшысының орынбасары, Демократияны, парламентаризмді дамыту және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын мониторингтеудің халықаралық институтының директоры Иван Мушкет жас буынның елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуы туралы әсерін: «Қазақстан жастарына тәнті болдым!» – деп жеткізді.
Қазіргі дауыс берудің айрықша саяси мәніне ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы миссиясының басшысы Габор Хайду да назар аударды. Оның айтуынша, халықаралық қоғамдастық Қазақстандағы сайлауды үлкен қызығушылықпен бақылап отыр, ал жаңа Конституция қабылданғаннан кейін бұл сайлаудың маңызы бұрынғыдан да арта түскен.
Шетелдік сарапшылар назар аударған тағы бір маңызды мәселе – сайлаудың әрбір азамат үшін қолжетімді болуы.
Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта көру және есту қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін жасалған арнайы жағдайларды атап өтті. Филиппин Сайлау комиссиясының өкілі Замора Ма. Вина Талеон да дауыс берудің қолжетімділігіне назар аударды. Оған әсіресе Брайль қарпімен әзірленген материалдар мен саяси партиялардың бағдарламаларын тыңдауға мүмкіндік беретін құрылғылар ерекше әсер қалдырған.
ТүркПА өкілі, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Филиз Кылыч та мүгедектігі бар адамдар үшін жасалған жағдай мен комиссия мүшелерінің дайындығын атап өтті. Ал Әзербайжан Милли Меджлисінің депутаты, ТүркПА комиссиясының мүшесі Хикмат Мамедов сайлаудың саяси қырына назар аударды. Оның айтуынша, жеті партияның қатысуы елдің даму жолына қатысты әртүрлі көзқарастар мен ұстанымдардың бар екенін білдіреді. Ол дауыс беру күнінің өзін «демократия мерекесі» деп атады.
Сайлаудың технологиялық қыры да халықаралық байқаушылардың қызығушылығын тудырды. Армения ОСК-ның халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Эрмине Арутюнян жүргізілген дайындық жұмыстарының ауқымын, рәсімдердің нақтылығын, сайлаушылардың белсенділігін және цифрландыру деңгейін атап өтті. Оның бағалауынша, заманауи сервистер мен технологиялық шешімдерді пайдалану сайлау инфрақұрылымының дамып келе жатқанын көрсетеді.
Болып жатқан үдерістің кең ауқымды мәніне халықаралық байқаушы, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Баир Жамсуев тоқталды. Ол азаматтардың дауыс беруге деген жоғары қызығушылығын елде жүріп жатқан өзгерістердің ауқымымен байланыстырып, қазіргі сайлауды «жаңаруға берілген дауыс» деп сипаттады.
ШЫҰ миссиясының аралық байқау қорытындылары бойынша да әзірге заң бұзушылықтар немесе шағымдар тіркелмеген. ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т. Р. Мидхунның айтуынша, байқаушылар сайлау учаскелеріне еркін кіріп, өз жұмыс бағыттарын дербес айқындайды.

Еще больше интересного

Бағдат Мусин Құрылтай сайлауында дауыс берді

“Қазақтелеком” АҚ басшысы Бағдат Мусин бүгін Құрылтай сайлауында дауыс берді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында технология мен цифрландыру саласындағы...

Астана мен Қосшыда дауыс беру процесі қалай өтуде? Халықаралық...

Қазақстанда елдің саяси өміріндегі маңызды оқиға – Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз...

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді

https://youtube.com/shorts/hbXaMPAiLIc?feature=share – Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз....