
Қазақстан халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, жаһандық қауіпсіздік пен орнықты даму мәселелеріне белсенді қатысуда.
Сыртқы істер министрлігінің 2026 жылғы 6 қарашадағы мәліметіне сәйкес, Қазақстан БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен киберқылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бағытындағы әріптестікті дамытуда. Сондай-ақ 30 қазанда Қазақстан БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнату үдерісін аяқтады. Наурумен жасалған келісімнен кейін дипломатиялық байланыс орнатылған мемлекеттер саны 195-ке жетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында: «Тек кездесу, кеңесу, сондай-ақ өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық мәселелерді шеше алады», – деп атап өтті. Осылайша, көпжақты дипломатияны дамыту Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, жаһандық мәселелрді бірлесіп шешуге үлес қосуына мүмкіндік береді.





