
Қазақстанда қазақ тілінің емле ережелері қайта қаралып, барлық сөздік, соның ішінде орфографиялық сөздік жаңартылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды,-деп хабарлайды Ақорда
Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X съезінде қазақ тіліндегі сөздер мен терминдердің әртүрлі жазылуы мен қолданылуы түсінбеушілік тудыратынын айтты.
Президенттің сөзінше, қазақ тілінің ресми орфографиялық сөздігі соңғы рет 1983 жылы бекітілген. Кейін бірнеше рет қайта басылғанымен, жаңа нұсқалары мемлекеттік деңгейде ресми бекітілмеген.
Сондықтан емле нормаларын жүйелеп, жазу ережелерін бірыңғай стандартқа келтіру қажет. Бұл жұмыс 2027 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.





