
Жазда ақпарат айдынындағы басты тақырып- Берденов соты болғаны мәлім. Партияласының басынан өткен қиын кезеңді депутат Қожаназаров та қалт жібермей бақылап отырыпты. Өздеріңізге мәлім Руслан Берденов Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалғанда Respublica партияның тең төрағалығынан кеткен болатын. Енді Берденов аты-шулы соттан соң,әкімнің орынбасары қызметінен де кетті. Руслан Берденов саяси аренаға орала ма? Парламент сессиясының ашылуында дәлізде журналистерге берген сұқбатында Айдарбек Қожаназаров Руслан Берденовке қатысты пікір білдірді.
-«Бәріміз де көрдік, әлеуметтік желілерде суреттер жарияланды. Ең бастысы, Руслан Берденовтің сауығып кетуі. Оның көңілі отбасымен көбірек уақыт өткізіп, денсаулығын қалпына келтіру. Көптеген сұрақтарға ол толықтай сауығып шыққан соң жауап береді. Бұл – мемлекеттік қызмет. Күн сайын сан түрлі мәселе туындайды. Ал ол 3-4 ай бойы ем қабылдап жүргендіктен, мәселер тоқтамайды. Адамның емделіп кетуін күтіп тұрмайды. Менің ойымша, ол нағыз абыройлы азамат әрі елін сүйетін патриот ретінде бұл орынды босатып, мәселелердің шешілуіне мүмкіндік беруді өзі дұрыс деп шешті. Болашақта Руслан Берденовті жауапты қызметтерде әлі де көреміз деп сенемін».
Ал Берденовтің партияға қайта оралуына қатысты сұраққа жауабында депутат ол да мүмкін, Руслан Арысбекұлымен талқылаймыз. Бірақ қазір ол тек сауығуға назар аударып жатыр, — деген жауап айтты.
Еске сала кетейік, әкімнің орынбасары болып тұрған кезінде Руслан Берденовке 21 сәуірде Шымкент қалалық әкімдігі ғимараты жанында оқ атылған болатын. Осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті деп танылған Ернар Жиембай сотталған еді. Оған ҚР ҚК екі бабы: 99-бап, 1-бөлім – «Адам өлтіру»; 24-бап, 3-бөлім – «Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу» бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесілді. Айта кету керек, сотталушы Ернар Жиембай жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болды. Сондай-ақ ол жәбірленуші тарапқа 30 АЕК, яғни 118 890 теңге төлеуге міндеттелді.