
Астанада Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың төрағалығымен «BIG Шанхай» СОО-дағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлердің несиелік міндеттемелерін шегеру мәселесіне арналған ведомствоаралық жиын өтті.
Кездесуге өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банк өкілдері, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Астана қаласы әкімдігі, сондай-ақ салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлер бірлестіктері қатысты.

«Бүгінгі кездесуді кәсіпкерлердің өтінішімен ұйымдастырдық. Бұл тек кеңес беру емес, нақты шешімдер қабылданатын, шынайы қолдау көрсетілетін жиын. Respublica партиясы бұл мәселені әрі қарай да барлық деңгейде – анықтама дайындаудан бастап банктермен байланыс орнатуға дейін толық бақылауында ұстайтын болады. Басты мақсатымыз – жұмыс орындарын сақтап қалу және адамдарға бизнестерін сақтауға көмектесу. Осыған байланысты, несиелерді өтеуді кемінде алты айға шегеруді ұсынамыз», – деді Қожаназаров кіріспе сөзінде.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен екінші деңгейлі банктердің, атап айтқанда Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит, ForteBank, Freedom Bank өкілдері зардап шеккен клиенттерге несиелік төлемдерді кемінде 6 айға шегере тұруға дайын екендіктерін жеткізді. Әрбір өтініш жеке тәртіппен, нақты жағдайларға сүйене отырып қаралатын болады.
Алдын ала деректер бойынша өрт салдарынан 260-тан астам кәсіпкер зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі 11 миллиард теңгеден асады. Қазіргі таңда Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті банкпен келіссөз жүргізу үшін қажет төтенше жағдай туралы ресми анықтамаларды беруді бастап кетті.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерінің қазіргі проблемалары жайында сөз қозғады. Жеке кәсіпкер Архат Ғимадиев. Оның айтуынша бизнес өз атына тіркелгенімен, бизнесті дамыту мақсатында алынғаннесиелер жұбайының және туыстарының атына да рәсімделген.
«Бизнес менің атыма тіркелгенімен, несиелерді жұбайымның және туыстарымның атына да рәсімдегенбіз. Көп әріптестерімізде де осындай жағдай. Бұл – отбасылық іс еді, әркім қолынан келгенше көмектесті. Біз осы іске бар күшімізді салдық. Сол себепті өтініштер қаралған кезде мұндай жайттар да ескеріледі деп үміттенеміз», – деді кәсіпкер.
Кездесу барысында мұндай жағдайлардың да жеке қаралатыны айтылды. Сауда орталығында бизнес жүргізген кәсіпкерлердің отбасы мүшелерімен рәсімделген несиелер де шегерім алу мүмкіндігіне ие болады.