
Қазақстанда энергетика саласын толық цифрландыруға бағытталған ауқымды жоба іске қосылды. Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Отын-энергетика кешенінің (ОЭК) барлық инфрақұрылымын біртұтас цифрлық жүйеге біріктіру жұмыстарын бастады. Бұл жүйе саланың негізгі процестерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Министрлік мәліметінше, технологиялық трансформацияның алғашқы кезеңі аяқталған. Қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындықты бақылаудың цифрлық құралдары енгізіліп, электр станциялары үшін тарифтерді бекіту процесі толық автоматтандырылған. Сонымен қатар мұнай мен сұйытылған газды бөлу электрондық форматқа көшірілді. Мұндай шешімдер «адами факторды» азайтып, нарық қатысушыларына ресурстарға тең әрі әділ қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында министрлік саланың виртуалды архитектурасын қалыптастыруды жоспарлап отыр. Жобаның маңызды бағыттарының бірі – электр энергиясын өндіру және мұнай-газ секторындағы стратегиялық нысандар үшін «цифрлық егіздер» технологиясын енгізу. Интеллектуалды алгоритмдер жабдықтардың тозуын онлайн режимде талдап, ықтимал апаттарды алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар көмірсутектердің толық цифрлық бақылау жүйесі енгізіледі. Жаңа жүйе арқылы әрбір тонна шикізат пен отынның қозғалысы мұнай ұңғымасынан бастап соңғы тұтынушыға дейінгі барлық кезеңде қадағаланады. Бұл жанар-жағармай нарығындағы ашықтықты арттырып, көлеңкелі айналымның алдын алуға мүмкіндік береді.
Ұзақ мерзімді жоспарлау мақсатында Отын-энергетика кешенін дамытудың интеграцияланған мастер-жоспары да әзірленуде. Ол энергия тұтыну көлемін дәл болжауға, экономиканың түрлі секторларының жұмысын үйлестіруге және инвестициялық тәуекелдерді бағалауға көмектесетін цифрлық математикалық модельдерге негізделеді.
Сарапшылардың пікірінше, энергетика саласындағы бұл ауқымды трансформация өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтіп, энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

