
Астанаға мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. Келіссөздер барысында сауда, энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастыққа басымдық берілді. Тараптар екі ел арасындағы тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемі 5,4 миллиард доллардан асты.

–Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-ші отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын Іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз. Бүгінгі бизнес-форум сияқты іскерлік ортаны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын,-деді түрік басшысы.
Кездесу аясында Қазақстан мен Түркия мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларация қабылдауға уағдаласты. Қазақ басшысы бұл бағытта әлі де көптеген мүмкіндік бар екенін алға тартып, түрік бауырларымызды Қазақстанмен озық тәжірибесін бөлісуге, елімізге инвестиция салуға шақырды.
-Түркия ірі инвесторларымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі — негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз,-деді Тоқаев.

Тағы бір маңызды сәт — Режеп Тайип Ердоған «Qoja Ahmet Yasaui» орденімен марапатталды. Әзірет сұлтанның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапатты түрік басшысы алғашқы болып иемденіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапатты қазақ пен түрік халықтарының рухани бауырластығының символы деп атады.



