
Инклюзивті білім алу мүмкіндігін қарастыру бүгінгі күннің талабына айналғаны жасырын емес. Түрлі факторлардың әсерінен инклюзивті білім беруге жағжай жасалынған мектептерге сұраныс артуда. Атап айтсақ, былтырғы жылы мектептер жанынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін 133 кабинет ашылған(жалпы саны – 1095). Басты мақсат – бүлдіршіндерді дер кезінде мамандар көмегімен оңалту, бейімдеу жұмыстары нәтижесінде қатарынан қалдырмау.
Аталған бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпаровадан сұрап білдік.
— 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасына сәйкес білім беру ұйымдарындағы қазіргі жағдай қандай?
— Инклюзивті білім беру сапасын арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет тарапынан аталған бағытта тиісті қолдаулар ұдайы жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасаған білім беру ұйымдарының үлесі: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында – 81,2%, орта білім беру ұйымдарында – 95,2%,
техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 92% болды. Бұл — ауыз толтырып айтарлық үлкен нәтиже.
— Психологиялық-педагогикалық кабинеттердің үлесіне тоқталсаңыз. Аталған орталықтардың бала қамту мүмкіндіктері қандай?
— Мамандардың үздіксіз жұмысы нәтижесінде арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен 213 707 бала қамтылды(барлығы – 237 217). Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы санының 90%-ын құрайды. Ерекше қажеттілігі бар балалармен жасалынған нәтижелі жұмыстың алғышарты — дер кезінде маман көмегіне жүгіну. Сол үшін де арнайы білім беру ұйымдарының желісі 33 бірлікке артты.
— «Инклюзия» тақырыбы мемлекет басшысының назарыннан да тыс қалған емес. 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында президент ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы жаңа заң әзірлеуді тапсырды. Аталған заң жобасы қандай мүмкіндіктерге жол ашты?
— Иа, «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы, сондай-ақ оған ілеспе екі заң жобасы әзірленді:
• «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
• «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне толықтыру енгізу туралы».
Заң жобасын әзірлеу жұмыстары мүдделі мемлекеттік органдардың (Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі), ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жүргізілді.
Заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдаудың құқықтық негіздерін айқындайды. Оның ішінде медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтер көрсету арқылы олардың толыққанды дамуын, әлеуметтенуін және сапалы білім алуын қамтамасыз ету көзделген.
— Аталған бағытта маман тапшылығы жиі айтылып жатады.Кадр мәселесі қалай шешілуде?
— 11 мың арнайы педагог білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді жүзеге асырады. Бұл салада ұдайы білімді жетілдіру аса маңызды. 7,3 мыңнан астам педагог инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Кадр даярлау барысы да жүйеге қойылған. 17 педагогикалық жоғары оқу орны ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлайды. Барлық білім беру бағдарламаларына инклюзивті білім беру пәндері енгізілген.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көп. Педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған 150-ден астам білім беру бағдарламасы қаралды. Сараптамадан оң қорытынды алды. Осының бәрі – балалар үшін деп, Шынар Ақпарова сөзін қорытындылады.
Оқу процесі әр бала үшін қолжетімді, жеке оқу бағдарламалары, педагог-ассистенттердің қолдауы және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен қамтамасыз етілуі керек. Бұл – ата-ана сұранысы, қоғам талабы!

