
Жаңа редакциядағы Негізгі заң референдумда қабылданған жағдайда, Қазақстанда Конституция күнін 15 наурызға ауыстыру ұсынылуы мүмкін. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның кулуарында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Конституция жобасының өтпелі ережелеріне сәйкес мереке күні құжат қабылданған күнмен — 15 наурызбен белгіленеді.
«Азаматтар өз таңдауларын еркін жасайды. Референдумның мақсаты — халық пікірін білу. Егер жоба қолдау тапса, елімізде жаңа Конституция және жаңа Конституция күні — 15 наурыз болады», — деді Әшімбаев.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізілгенге дейін 30 тамыз 2026 жылы мемлекеттік мереке әрі демалыс күні ретінде сақталатынын хабарлаған.
Еске салайық, жаңа Конституция қабылдау бастамасын бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Шешім жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша қабылданады.

