
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына сапары барысында аты аңызға айналған батыр, қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын айтты.Биыл батырдың туғанына 115 жыл толып отыр. Бауыржан Момышұлының ерлігі Қазақстанмен қатар, шетелдерде де кеңінен танымал. Халық оны әлдеқашан қаһарман ретінде мойындағанымен, осы уақытқа дейін ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Яғни кешігіп жеткен атақ.
— Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал.Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек,-деді Президент.
Батырдың ерлігі аңыз емес, нақты тарихи деректермен дәлелденгенін айта келе,Тараз қаласында жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым –Жомарт Тоқаев “ Мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл — оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын- деп мәлімдеді.
Президент мұндай әскери-патриоттық оқу орындарын барлық өңірде ашу туралы Үкіметке тапсырма берді. Айта кетейік, Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы, қазіргі Жуалы ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы кезінде генерал Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі шешуші шайқастарға қатысқан. Оның әскери тактикасы мен қолбасшылық тәжірибесі бүгінгі Қазақстан армиясы үшін де маңызды. Бауыржан Момышұлының есімі — қазақ халқы үшін қайсарлық пен ерліктің символы. Даңқты батыр полковник шеніне дейін көтеріліп, ең жоғары марапат — Кеңес Одағының Батыры атағын 1990 жылы, өмірден өткеннен кейін ғана алды. Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 10 маусымда өмірден озды. Араға қырық үш салып барып батыр бабамызға «Халық қаһарманы» атағы беріліп отыр.

