
Маңғыстау облысында республикалық референдум өткен күні көпбалалы отбасылардың бірінде ұл бала дүниеге келіп, оған Атазан есімі берілді.
Нәресте – отбасындағы тоғызыншы перзент. Ұл бала 4130 грамм салмақпен, 57 сантиметр боймен өмірге келді. Дәрігерлердің айтуынша, анасы мен сәбидің жағдайы жақсы, өздерін қалыпты сезінеді және мамандардың бақылауында.
Баланың дәл осы күні дүниеге келуі отбасы үшін ерекше әрі символикалық оқиға болды.
«Ұлымыз ел үшін маңызды күні дүниеге келді. Сол себепті бұл күн отбасымыздың тарихында мәңгі сақталсын деп оған Атазан деп ат қойдық. Болашақта елін сүйетін, Отанға пайдасын тигізетін азамат болып өссе дейміз», – деді нәрестенің анасы.
Ата-анасының айтуынша, ұлдарының ел үшін маңызды күні дүниеге келуі олар үшін үлкен қуаныш әрі өмір бойы есте қалатын сәт болған.
Перзентхана дәрігерлері ата-ананы қуанышты жаңалықпен құттықтап, сәбиге мықты денсаулық, амандық және бақытты балалық шақ тіледі. Медицина қызметкерлері дені сау баланың дүниеге келуі – әрдайым отбасы үшін де, дәрігерлер үшін де үлкен қуаныш екенін атап өтті.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында ана мен баланы қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде көпбалалы отбасыларға өмір сапасын арттыруға және балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түрлі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.
Кішкентай Атазанның дүниеге келуі отбасы үшін тағы бір қуанышты оқиға болып, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси күнде басталған жаңа өмірдің символына айналды. Туыстары мен жақындары ата-ананы қуанышымен құттықтап, сәбиге бақытты әрі жарқын болашақ тіледі.

