
Мобильді аударымды қадағалау сомасы 1 млн теңгеден басталуы мүмкін. Ай сайынғы аударым 300 мыңнан асса, ақшаның қайдан түскенін дәлелдеу керек болады. Бұл мәселе үкімет үйінде өткен брифингте сөз болды деп хабарлайды pikirmedia.kz.
Бұған дейін депутат Азат Перуашев айына 1 млн теңгеден асқан мобильді аударым қабылдағандарға ғана мониторинг жүргізуді ұсынғанды. Оның пайымдауынша, бізде жалпы сомасы 255 мың теңгеден асатын ең ұсақ төлемдердің өзі мониторингке алынайын деп тұр. Іргедегі Ресейдің мөлшерлі шегінен 20 есе аз деген сөз. Бұл дұрыс емес. Себебі төлемдердің сомасын кәсіпкерлердің таза пайдасы деп қарауға болмайды. Іс жүзінде шағын бизнестің таза пайдасы 15-20 пайыздан аспайды дейді депутат. Мобильді аударымдар үшін 1 миллион теңге шегі Қаржы министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл қатарынан үш күнтізбелік айдағы аударымдардың жиынтық сомасы. Бастаманың мақсаты-жасырын кірістерді көлеңкеден шығару және адал кәсіпкерлерді қорғау. Қазір банктер үш ай бойы әртүрлі адамнан 100-ден аса аударым алған қазақстандықтар туралы салық органдарына ақпарат беруі қажет. Тағы бір маңызды шарт: ақша түскен шот кәсіпкерлік қызметке арналмауы керек.
Дәурен Кеңбейіл Қаржы вице-министрі: “Бұл көрсеткішті Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдік деректер негізінде қалыптастырды. Әріптестеріміз бұл қауіпсіз деңгей деп санайды. Шешім Экономикалық саясат кеңесінде алдын-ала мақұлданды. Мәселе басталды, бірақ шешім әлі талқылануда”.
Ал кәсіпкерлер бұл ұсыныс жүзеге асса, қарапайым халық пен шағын бизнес өкілдеріне ауыр соққы болатынын айтуда. Олардың пікірінше, бұл тексерістерден өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, базардағы тігіншілер, көшеде бақша өнімдері мен ұсақ-түйек заттарды сататын адамдар зардап шегеді. Оның сыртында, кейбір адамдарға туыстары көмек ретінде ай сайын 300 мың тг аударып отыруы мүмкін. Сондай жағдайда қарапайым азаматтар не істеуі керек? Олар да тексеріле ме» – деп сұрады журналистер.
Дәурен Кеңбейіл Қаржы вице-министрі: “Мұндай жағдайда бұл аударымдарға қатысты комитеттен сұрақтар туындауы мүмкін. Ондай кезде комитет өкілдеріне бұл ақшаның қайдан түскенін түсіндіруіңіз керек болады. Мұның барлығы бизнесті көлеңкеден шығару үшін жасалып жатыр. Егер сіз адал кәсіпкер болсаңыз, әрі аударымдардың қайдан түскенін дәлелдесеңіз, ешқандай қиындық болмайды”.
Қазақстандағы салық жүйесінің басты кемшілігі – кәсіпорындардың кірістерінен алым алу арқылы бюджет тапшылығын жоюға бағытталғанында. Сондықтан да ол тәркілеу сипатына ие. Осы ретте кәсіпорындар жоғары салық салуды болдырмау үшін минималды пайда алуға мүдделі немесе мәжбүр, – дейді тәуелсіз экономистер. Салық тетігі бағаның өсуіне қарай салық төлемдері де арта түсетіндей етіп құрылған. Бұл – жүйенің фискалдық мазмұны тұрғысынан өте ыңғайлы, бірақ салық салудың негізділігі тұрғысынан мүлдем қолайсыз. Өйткені мұнда бюджет кірісінің өсіп жатқанының тек «иллюзиясы» жасалады, ал іс жүзінде мұның бәрі инфляциялық факторға байланысты. Жылдар аралығында Қазақстан фискалдық бағыт пен мотивациялық бағыттың тең ортасын таба алмай келеді. Өйткені көзсіз жеңілдік жасау ел қазынасын толтыруға кедергі. Ал салықпен елді қинауға тағы болмайды.