
Бүгін еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау мерекелік шарасы өтті. Қазақстанда биылғы оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады. Оның ішінде 215 мыңнан астамы- мектеп бітіруші түлек. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 31 мыңнан астам 9-сынып оқушысы және 18 мың 11-сынып түлегі үздік аттестатқа үміткер. 2026 жылдың соңғы қоңырауында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысының Талапкер ауылындағы орта мектепке барды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов та бой көрсетті. Әкім мен министр мектеп оқушылары дайныдаған соңғы қоңырауға арналған мерекелік шараны тамашалады. Мектеп түлектерімен шүйіркелесті.


Сонымен қатар биыл мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде және табиғат аясында өткізуге тыйым салынды. Аттестат тапсыру рәсімдері тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылады. Сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға, мұғалімдерге сыйлық жасауға, көлік шеруін өткізуге және мерекелік агенттіктерді тартуға жол берілмейді. Алайда, ата-аналар мектептен тыс шараларға шектеу қою мүмкін емес деп отыр.

— Мектеп бітіру іс шаралары мектептегі шара біткеннен кейін болады. Яғни мектептен тыс. Ата-анасы кештерге қатысуға өздері жауапкершілік алып отырса, оған шектеу қоюдың қажеті жоқ еді. Кейбір ата-ананың жағдайын да қарау керек шығар. Бірақ солардың көңілі үшін бүкіл республика бойынша меткеп бітіру кештерін тоқтату, атап өтуге тиым салу дұрыс емес шығар. Заңнамалық негіз де жоқ. Ата-ана мектептен тыс уақытта балалармен қайда баратынын өзі шешеді ғой,-дейді ата-ана Кеңшілік Тышқанұлы.
Ал депутат Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, мектеп бітірушілерге аста-төк той жасап, артық шығынға батудың қажеті жоқ. Кей жерлерде 500 мыңнан бастап ақша жинап жатқан ата-аналар бар дейді ол. Оның айтуынша, қымбат мейрамхана, қымбат лимузин жалдап шығынға батады. Жол апаттары болып жатады, басқа да келеңсіз жағдайлар орын алады. Әлеуметтік жағдай да бар. Бізге келген хаттарда меткеп бітіру кешіне 500 мыңнан, 300 мыңнан, одан көп жинап жатыр деп жазады. Ол әр отбасының қалтасы көтеретін сома емес. Мұны мектеп мәжбүрлеп отырған жоқ. Әйгілі чаттардағы ата-аналардың өздері бастамашы болып отырады. Соңғы қоңыраудан кейін өмір тоқтап қалатындай. Біз үнемдлікке барып, оны рационалды түрде қабылдауымыз керек.

Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады, — делінген министрлік хабарламасында.



