
Түркістан облысында ветеринария саласында бюджет қаражатын жымқырудың ірі схемасы анықталды. Әңгіме нақты көрсетілмеген қызметтер үшін аударылған шамамен бір миллиард теңге туралы болып отыр.
Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, заң бұзушылықтар 2022–2025 жылдар аралығында орын алған. «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттік кәсіпорнының басшылары мен қызметкерлері тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде жалған төлемдер рәсімдеген.
Тергеу барысында құжаттарда әдейі жалған мәліметтер көрсетілгені анықталды. Қаражат аудару кезінде лауазымды тұлғалардың өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары пайдаланылған. Төлем тапсырмаларында компаниялардың атауы ғана өзгертіліп, ал кәсіпкерлердің сәйкестендіру нөмірлері қайталанып отырған.
Шын мәнінде, аталған компаниялар ешқандай жұмыс атқармаған және тауар жеткізбеген. Осылайша бюджеттен заңсыз түрде 928 миллион теңге шығарылған.
Нәтижесінде мемлекетке ірі көлемде залал келтірілген. Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшерде жымқыру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.
26 наурыз күні осы іс бойынша төрт адам күдікті деп танылды. Кәсіпорынның екі бұрынғы басшысы, олардың орынбасары және бас бухгалтері қамауға алынды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары бұл схемаға басқа да лауазымды тұлғалардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

