Қазақстанның саяси жүйесінде жаңа кезең басталып жатыр. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев елде жаңа саяси партиялардың құрылуына оң көзқарас білдіріп, алдағы өзгерістер партиялық бәсекелестікті күшейтетінін мәлімдеді. Төрағаның айтуынша, жаңа Конституция партиялық жүйенің дамуына тың серпін береді. Өйткені, жаңа Құрылтай партиялық тізімдер арқылы қалыптасады. Бұл өз кезегінде саяси алаңда жаңа ойыншылардың пайда болуына жол ашады.

—Жалпы, ел азаматтары қоғамдық ұйымдарды, саяси партияларды құруға ерікті. Ең бастысы, тиісті іс-қимылдарды мемлекеттің заңнамасына сай жүзеге асыру керек. Осы орайда партиялық бәсекелестіктің дамуы, жаңа партиялардың пайда болуы, осыған дейін құрылған партиялардың белсендігі Қазақстанның ары қарай қарқынды дамуына ықпал етеді. Сондықтан елдің дамуы үшін бізде қуатты саяси партиялардың болуы маңызды,-деді Сенат спикеру Мәулен Әшімбаев
Айта кетейік, күні кеше саясаттанушылар Марат Шибұтов, Бөріхан Нұрмұхамедов бастаған бастамашыл топ «Әділет» атты жаңа саяси партия құратынын жариялады. 16 сәуірде құжаттарды тіркеуге тапсыру жоспарланған. Ал тамыз айында партияның құрылтай съезін өткізу көзделіп отыр. Pikirmedia.kz редакциясына берген сұқбатында «Әділет» партиясын құру бойынша бастамашыл топтың мүшесі Марат Шибұтов парламент төрінде отырған саяси партяилармен бәсекелестікке үсе аламыз деген ойымен бөлісті.

-Біз «Әділетті Қазақстанды» құру үдерісін жеделдетуді, азаматтарымыздың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды мақсат етеміз. Қазіргі уақытта бастамашыл топты тіркеу және съезд өткізу үшін 700 адам жинап жатырмыз. Ал партияны түпкілікті мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін кемінде 5000 мүше қажет. Бірақ біз бұл межеден әлдеқайда асып түсеміз деп жоспарлап отырмыз.Ал партия құру туралы шешім Конституциялық комиссияның жұмысы барысында пайда болды. Дәл сол жерде біз осы идеяны талқылап, пікір алмастық. Біз көпшілік қолдауға үміт артамыз, алайда уақыттың аз екенін де түсінеміз. Барлығы Қазақстан халқының бізді қаншалықты қолдайтынына байланысты болады. Иә, біз бәсекелестікке түсе аламыз деп ойлаймын. Өйткені жаңашылдық факторы бар, кадрлық құрамымыз мықты және қоғамда әділеттілікке деген сұраныс жоғары. Сондықтан біздің тарапымыздан бәсекелестік айтарлықтай болады,-деді Марат Шибұтов.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа партиялардың пайда болуы Қазақстандағы саяси жүйені жаңғыртып, билік құрылымдарын теңгерімді етуге бағытталған маңызды қадам болуы мүмкін. Еске сала кетейік, Президент Құрылтай сайлауы алдағы тамыз айында өтетінін мәлімдеген болатын.


