Қазақстан–Пәкістан: Сауда айналымы $1 млрд-қа ұлғаяды

Қазақстан мен Пәкістан өзара сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін арттырып , 40 түрлі тауар жеткізуге дайын

8 қыркүйекте Исламабад қаласында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Пәкістан Ислам Республикасының Федералды сауда министрі Джам Камал Хан арасында кездесу өтті.

Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қараша айында Исламабадқа жасайтын ресми сапарына дайындық мәселелерін талқылады.

2025 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан арасындағы өзара сауда көлемі 89,6 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе жоғары (36,3 млн АҚШ доллары). Қазақстан экспорты 7,2 есе өсіп, 55,5 млн АҚШ долларын құрады, ал импорт 19,3%-ға өсіп, 34,1 млн АҚШ долларына жетті.

Қазақстаннан Пәкістанға экспортталатын негізгі тауарларға шикі мұнай, кептірілген бұршақ дақылдары, дәнді дақылдар, сондай-ақ машиналар мен жабдықтар жатады. Пәкістаннан Қазақстанға импорттың негізгі бөлігін азық-түлік өнімдері (картоп – 27,1%, цитрус жемістері – 18,8%), киім және тоқыма бұйымдары (25%), дәрі-дәрмектер (11,3%) құрайды.

Министр Арман Шаққалиев Қазақстан мен Пәкістан өзара сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөнінде биік мақсат қойып отырғанын атап өтіп, мұнай-химия, металлургия, машина жасау және фармацевтика салаларын қоса алғанда, 40 тауар позициясы бойынша жеткізілімдерін арттыруға дайын екенін білдірді.

2025–2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Бұл құжатқа биылғы сәуір айында қол қойылған. Қазақстандық тарап әріптестерді құжаттағы іс-шараларды нақты жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ тараптар электронды сауда саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыт айтарлықтай өсім әлеуетіне ие.

ҚР Президентінің Исламабадқа сапары қарсаңында «Made in Kazakhstan and Pakistan» тауар өндірушілер көрмесін және Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумын өткізу жоспарланып отыр. Тараптар іс-шара бағдарламасы, кездесулер форматы және қатысушылар құрамы бойынша бірлескен дайындықты бастап кетті.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыты — транзиттік сауда туралы келісімге қол қою. Бұл келісімнің жобасы қазірдің өзінде келісіліп, қараша айында қол қоюға дайындалуда.

Өз кезегінде Пәкістан тарапы Карачи қаласындағы көрмеде қазақстандық делегацияның жетістіктерін жоғары бағалап, іскер топтар арасындағы байланыстарды дамыту және ауыл шаруашылығы, өнім өңдеу, денсаулық сақтау, білім беру, аккредиттеу және сертификаттау салаларында ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Министр Джам Камал Хан Пәкістанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар туралы айтып өтті. Олардың қатарында қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің төмендеуі, өнеркәсіптік өндірістің өсуі, арнайы экономикалық аймақтардың дамуы, сондай-ақ ауыл шаруашылығында технологияларды енгізу бар.

Геологиялық барлау және тау-кен өндірісі, тоқыма өнеркәсібі, IT және жасанды интеллект салаларында, сондай-ақ кадр даярлау бағытында ынтымақтастықтың болашағына ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша министрлер Қазақстан Президентінің Исламабадқа алдағы сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Тағы оқыңыз...

Сот FlyArystan-ның әрекетін заңсыз деп таныды

Сот Сауда және интеграция министрлігінің FlyArystan компаниясына берген нұсқамасын заңды деп таныды. Тексеру барысында әуе компаниясының ішкі ережелерінен...

 «ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНКТЕР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН КРЕДИТТЕУГЕ БЕЛСЕНДІ АТСАЛЫСУЫ КЕРЕК»

https://youtu.be/q4wl6Ud4f1k «Бұл жөнінде де ұдайы айтып жүрміз. Әлбетте, оңай шаруа емес. Өйткені банктер – жекеменшік. Осы ретте кредитті шаруаларға...

ӨҢДЕУ СЕКТОРЫ: ӨНДІРІСТІК ТІЗБЕКТЕР ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРАДЫ

Қазақстанда өңдеу секторын дамытудың жаңа кезеңі өндірістік кооперацияны кеңейту және отандық кәсіпорындардың технологиялық мүмкіндіктерін арттырумен байланысты. Бұл...