Қазақстан жылқы етіне халықаралық стандарт енгізуді ұсынды

Қазақстан жылқы еті мен одан жасалатын өнімдерге арналған алғашқы халықаралық ISO стандартын әзірлеуге бастамашы болмақ. Бұл туралы Астанада өткен ISO/TC 34/SC 6 кіші комитетінің 27-ші пленарлық отырысында айтылды.

Жиынға халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, зертханалар мен бизнес өкілдері қатысты. Қатысушылар азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын халықаралық талаптарды талқылады.

Сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың халықаралық стандарттау саласындағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Екі ел кіші комитет хатшылығының ұйымдастырушылық және сараптамалық жұмыстарына бірлесіп қатысып келеді.

«ҚазСтандарт» РМК бас директоры Малик Сәулебайдың айтуынша, негізгі міндет – халықаралық стандарттауды нақты өндірістің қажеттіліктерімен байланыстыру. Осы бағытта Қазақстан жылқы етіне халықаралық стандарт әзірлеуді ұсынып отыр.

«Қазақстан бірінші рет осындай бастамамен шығып отыр. Қытайлық әріптестеріміз бізді қолдап отыр. Кіші комитеттің 20 мүшесінің бесеуі қолдаса, жылқы етіне халықаралық стандарт әзірлеу процесін бастай аламыз. Жапондықтар мен қытайлықтар қолдап жатыр. Бізге тағы үш дауыс қажет», – деді Малик Сәулебай.

Жылқы етіне бірыңғай талап қойылады

Қазақстан үшін жылқы еті – дәстүрлі тағам ғана емес, экспорттық әлеуеті жоғары өнімдердің бірі. Жаңа стандарт әзірленсе, еттің сапасы мен қауіпсіздігіне, терминологияға, сынақ әдістеріне, қаптама мен таңбалауға қойылатын бірыңғай халықаралық талаптар белгіленеді.

Мұндай құжаттың қабылдануы қазақстандық өнімнің шетелдік нарықтарға шығуын жеңілдетіп, тұтынушылардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның жылқы етіне Жапония тарапынан да қызығушылық бар.

JISC – Жапонияның өнеркәсіптік стандарттар комитетінің өкілі Судзуки Тосиюкидің айтуынша, Жапонияда да жылқы етінен жасалатын дәстүрлі тағамдар бар. Сондықтан бұл бағытта Қазақстанмен тәжірибе алмасуға және бірлескен жұмыс жүргізуге мүмкіндік мол.

«Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Еліңіздің қаншалықты заманауи әрі прогрессивті екеніне қатты таңғалдым. Қазақстанның, әсіресе экспортқа бағытталған ет өнімдерін өндіру және өңдеу саласында халықаралық стандарттар әзірлеуге әлеуеті зор деп ойлаймын. Жапонияда да жылқы етінен жасалатын дәстүрлі тағамдар бар. Сондықтан Қазақстанмен тәжірибе алмасып, халықаралық стандарттарды әзірлеу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік мол», – деді Судзуки Тосиюки.

«ҚазСтандарт» бұл бастаманы Қазақстанның халықаралық стандарттау саласындағы позициясын күшейтетін маңызды қадам деп бағалап отыр. Яғни Қазақстан халықаралық стандарттарды тек қолданушы ел емес, оларды әзірлеуге тікелей қатысатын мемлекет ретінде өз орнын нығайтпақ.

Жылқы етіне халықаралық стандарт әзірлеу туралы шешім 16 аптадан кейін белгілі болады. Басты талап – өнімнің сапалы болуы және барлық технологиялық талаптарға сай келуі.

Егер бастама жүзеге асса, жаңа халықаралық стандарт қазақстандық жылқы етінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, соңғы жеті жылда Қазақстанның шикізаттық емес тауарлар экспорты екі есеге өскен.

Еще больше интересного

Өңірлік науқан мәреге жетті – партиялар ел бойынша сапарларын...

Партиялардың сайлауалды сапарлары біртіндеп мәресіне жақындап келеді. Дауыс беруге санаулы күн қалғанда штабтар тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және...

ҚазҰУ-да жасанды интеллект саласындағы халықаралық симпозиум өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қытай-Қазақстан интеллектуалды есептеу және жасанды интеллект инновациялары» тақырыбында халықаралық симпозиум ұйымдастырылды.ҚазҰУ мен...

Қазақстанның шикізаттық емес тауарлар экспорты жеті жылда екі есеге...

Қазақстанның барлық әлем елдерімен шикізаттық емес тауарлар бойынша тауар айналымы 2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша $43,9...