
Грузия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Георгий Каландаришвили Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауында дауыс берудің ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.
Оның айтуынша, сайлау үдерісінің ұйымдастырылуынан алған алғашқы әсері «өте жағымды» болған. Грузиялық байқаушы комиссия мүшелерінің кәсібилігі мен даярлығына, сондай-ақ дауыс беру үдерісінің ұйымдастырылуына ерекше назар аударды.
«Сайлауды өткізуге жауапты органның төрағасы ретінде мен бұл үдеріске, әрине, кәсіби тұрғыдан қараймын. Рәсімдердің қаншалықты нақты белгіленіп, дәйекті түрде сақталатынына, учаскелік комиссиялардың дайындығына, сайлаушылардың өз құқықтарын еркін әрі артық кедергілерсіз жүзеге асыра алуына, үдерістің қаншалықты ашық және ұйымдасқан түрде өтіп жатқанына ерекше назар аударамын», – деді Георгий Каландаришвили.
Халықаралық байқаушы сайлау учаскесінің ашылуына қатысып, комиссияның жұмысқа дайын екенін атап өтті. Оның бағалауынша, барлық рәсім сақталып, азаматтардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жасалған.

Грузия Орталық сайлау комиссиясының басшысы учаскедегі атмосфераға да жеке тоқталды. Оның сөзінше, сайлау барысы өзара құрметке негізделген.
«Сайлаушылардың танытып отырған қызығушылығы жоғары. Адамдардың өз елінің болашағын айқындауға қатысуға мүмкіндігі мен ниеті болған кезде ғана сайлаудың мәні бар. Бұл ретте дауыс берудің бейбіт әрі өзара құрмет жағдайында өтуі маңызды. Сонда әр адам еркін әрі саналы таңдау жасай алады», – деп атап өтті ол.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы айта келе, ол Қазақстан мен Грузияның сайлау органдары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Перспективалық бағыттардың қатарында сайлау технологияларын қолдану, киберқауіпсіздік, комиссия мүшелерін даярлау, азаматтарды ақпараттандыру, логистика және сайлау үдерістерінің ашықтығын арттыру бар.
Сөз соңында Георгий Каландаришвили кәсіби диалог сайлауды тиімдірек, қолжетімді әрі азаматтарға түсінікті етуге, сондай-ақ қоғамның сайлау жүйесіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік беретін шешімдерді табуға жол ашатынына ерекше мән берді.




