
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында маман даярлау жүйесінің қазіргі экономика талаптарына сай еместігін айтып, колледждерді түбегейлі жаңғыртуды тапсырды.
Оның айтуынша, колледж ғимараттарының 70 пайыздан астамы 40 жылдан бұрын салынған. Осыған байланысты Үкімет басшысы білім беру инфрақұрылымын жаңартуға қатысты нақты мерзім белгіледі.
«Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін Үкіметке 2027–2030 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын енгізуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр колледждерді қаржыландыру олардың мүмкіндігіне емес, еңбек нарығының нақты сұранысына байланысты болуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ түлектердің кейінгі жұмысқа орналасуы тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Колледждерде цифрлық жүйелермен және жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын оқыту, ал өңірлерде мамандарды даярлау мен тәуелсіз сертификаттаудың салалық кластерлерін құру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығын іске қосу тапсырылды. Мамандар тапшылығына қатысты өзекті болжамдар Enbek.kz платформасында жарияланып отырады.
Еске салайық, Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн жұмысшы қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы кәсіптерінің өкілдері болуы тиіс.





